Астана маңында жасыл аймақты құрғанда ештеңе өспейдi деп сын айтқандар көп болған. Бiрақ, қазiргi таңда көлемi 73 мың гектар орман орын тептi. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының жасыл аймағын аралаған кезде айтты, деп хабарлайды BNews.kz.
«Астанаға Алматыдан жаңадан көшiп келген кезде қаланы шаң басып кететiн. Қаланың iшiнде төрт жақтан соққан жел адам құлататын. Сол болмасын деп мына ағаштарды егудi бастадық. Сол кезде де бiрнеше сын болды. Астананың төңiрегiнде жер қолайлы емес, орман егуге келмейдi, барлық жерде тас, құм, өспейдi, шықпайды деп қарсы тұрғандар көп болды. Дегенмен, елорда болғаннан кейiн төңiрегi орман болмаса, бақ болмаса, онда одан қандай қызық? Елдер қайда шығып демалады, қайда жүредi? Көрiп отырсыздар, қазiр Астананың төңiрегiнде өмiрде, тарихта болмаған 73 мың гектар жаңа орман пайда болды», - дейдi Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, орманда ағаштың 60-тан астам түрi өседi. Алма, жемiс-жидек, барлығы да бар. Сондай-ақ тың игерген кезде даладан трактордың шуынан қашқан жәндiктердiң барлығы қайтып келген. Орманда түлкi, қоян, елiк, қырғауыл мен басқа жануар мен құс бар.
«Бұл бiрiншiден, Астана ауасының тазалығын, екiншiден шаң жiбермейтiн, үшiншiден желдi ұстайтын қорған. «Орманы бардың – қорғаны бар» деп қазақ кезiнде бекер айтпаған. Әр нәрседен қорғайтын ол – орман. Бұл Астана тұрғындарына, болашақ жастарға жасалып жатқан жағдай», - дейдi президент.
Айта кетейік, бүгiн Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының жасыл аймағын аралап, «Жасыл аймақ» РМК «Ақ қайың» орман тұқымбағының арборетумы мен ағаш тұқымы плантациясының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, бүгiн 150 қырғауыл табиғатқа жiберiлдi, өткен жылы да жасыл аймақтағы жануарлар қатарын 150 қырғауыл толықтырған болатын.
Фото: baq.kz