Павлодарда Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 g сынып оқушысы Анель Анарова күн сәулесімен қуаттанатын эко үй жобасын жасап шығарды, деп хабарлайды рavlodarnews.kz.
- Мұндағы негізгі мақсат - Қазақстанның географиялық және климаттық жағдайына төзімді әрі экологиялық таза үйді жобалап салу. «Жазғы мектептің» арнайы курсында құрастырылған нысан табиғи энергия көздерінен, яғни күн, жел және су энергиясынан қуаттанады. Ең бастысы, бұл үй үнемді және экономикалық тұрғыдан тиімді болуы тиіс, - дейді Рымгүл Божақанова.
Биология пәні мұғалімі Эрвин Шольцтың сөзіне сүйенсек, мұнда жазғы демалысты өткізуге келген 60 шақты жеткіншек су қорларын сақтап қалуды және көмірқышқыл газының ауаға таралуына шектеу қоюды үйренеді. Бұдан басқа, жоба авторлары жалпы білім беру мектептері оқушыларының назарына ағылшын тілінде өздерінің төл туындыларын ұсынған.
8 с және 8 f сынып оқушылары Бинура Макашева мен Алуа Мустафина, 10 d сынып оқушысы Гаухартас Жұрағат, 8 e сынып оқушысы Азат Аққабақ және 10 b сынып оқушысы Хавдолда Дулат көміртегі арқылы баламалы энергия көзін алу және болашақ энергиясы туралы қызықты мәліметтермен бөлісті. Болашақта әрбір топ өзінің ерекше жобаларын ойлап тауып, шынайы өмірде жүзеге асыруға ниетті.
Сондай-ақ жоба авторлары тәжірибе жүзінде күн сәулесі мен лимон арқылы баламалы энергия көздерін қалай алуға болатынын көрсеткен.
Ақбота Сейсенбаева
Суреттерді ұсынған - Назарбаев Зияткерлік мектебі