Биылғы көктем қала тұрғындарын әбден әбігерге салды. Мамыр айында Алматыда 30 жыл ішінде жаумаған көлемдегі нөсер жауған. Бір айлық норма 108 милиметрді құраса, өткен айда оның мөлшері 200 милиметрге жеткен. Бұл белгіленген нормадан екі есе артық. Ал, 17 маусымда үш сағатта 47 миллиметр жаңбыр жауған. Бұл күні қалада 94 су басу дерегі тіркелген, деп жазады Алматы телеарнасы.
Бұл бейне сәуір айының аяғында түсірілген. 30 сәуір күні апатты жағдай туралы дабыл түсісімен, былтырғы селден секем алған құтқару және төтенше жағдай қызметтері, сондай-ақ жергілікті билік өкілдері оқиға орнынан табылған. Алатау ауданы әкімі Бағдат Мәнізоровтың сөзінше, аудан кез келген төтенше жағдайға дайын. Сәуір айында апаттың салдарын жоюға 100 техника жұмылдырылған. Қазір барлық ауданда су басқан аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары жүруде. "Алғабас"ықшам ауданындағы арық, көпір және жол құрылысы шілде айының 15-інде толық аяқталады деп күтілуде.
"Қала тарапынан екі көшені толық қалпына келтіру, арықтарды салу, асфальт төсеу, құлаған көпірлерді қалпына келтіруге 73 миллион қаражат бөлінді. Осы күні Абан құрылыс деген мекеме осыны жасап жатыр. 60 жуық жұмысшы жұмыс жасап жатыр, 10 шақты техника жұмыс жасап жатыр",- деді Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров.
Жауын салдарынан Алатау ауданында "Шаңырақ - 1,2" ықшам ауданындағы біраз көше мен үйлерге зақым келген. Оны қалпына келтіру үшін қала қазынасынан 256 миллион теңге қарастырылыпты. Мамандар жұмысты тамыз айына дейін аяқтаймыз деп отыр.
"Бүгінгі күні осы көшелерде 4,5 шақырымға жуық, 7-8 көше бар. Осы көшелерде асфальті болмаған, арығы болмаған. Осыған асфальт, арық, көпір салып жатырмыз. Ол жұмыстарды да бастадық. Ол жұмыстарды да осы шілде айының аяғына дейін бітіреміз деп отырмыз",- деді Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров.
"Жолымыз бар, суымыз бар, жетпей жатқан жерлеріміз бар. Соның барлығын жеткілікті етіп жасап берсе, рахметімізді айтамыз. Бәріміз батамызды береміз",- деді Әсия Мизамбекова.
17 маусым күні Наурызбай ауданында 20 үйді су басыпты. Өзен арналарын тазалауға 30 маман және осынша техника жұмылдырылған. Дәл осы күні нөсерлеткен жауынның салдарынан судың деңгейі 1,5 текше метрге көтеріліпті.
"Өзен арналарын тазалау жұмыстары жасалып жатыр. Күнделікті техникалармен, адамдармен судың арналарын ашып жатырмыз. Күшейтіп жатыр жан-жағының бәрін. Құммен жан-жақтарын бітеп, жұмыстар жалғасуда",- деді Наурызбай ауданы экология бөлімінің басшысы Қожа Алымов.
Төтенше жағдай департаменті жаңбырдың салдарын жою шараларына жедел штаб құрған. Оның құрамында азаматтардың құқығын қорғау және аудандар бойынша коммуналдық қызметтер бар. Бүгінде 110 маман мен 28 техника жұмылдырылған.
Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев
Фото: motor.kz