Алматылық оқушылар, алып шаһарды су тасқыны мен селден қорғауға бағытталған жаңа жүйе ойлап тапты. Пайдасы мол, мүмкіндігі зор құрылғы Іле Алатауының беткейіне орнатылады, деп жазады 24.kz арнасы.
Соңғы уақытта жауын-шашын шамадан тыс көп болып тұр. Табиғаттың бұл мінезі оқушыларды да толғандыруда. Олар «Қар суы, жауын-шашын мен пайдаланылған суды тазалаудың жергілікті жүйесі» жобасын жасап шықты. Жылу өткізетін талшық енгізілген екі тік түтік тау беткейлеріндегі қарға орналастырылып, күн энергиясы арқылы жылытылады.
Дильнура Аюпова, мектеп оқушысы:
- Екі түтіктің арасындағы кеңістікке қар түсісімен ол ери бастайды да арнайы құбырлар арқылы жасанды су қоймасына құяды. Бұл сумен жазда бассейндерді толтыруға, егінді суғаруға болады. Жиналған су көміртек пирамидасы арқылы тазартылған.
Оқушылардың жобасына сәйкес автокөліктерді жуған суды үш түрлі сүзгінің көмегімен майдан тазартуға болады.
Манат Смақова, жоба жетекшісі:
- Балалар мұның барлығын ұсақ бөлшектерден құрастырды. Жобаны жасауға үш жыл уақыт кетті. Әр құрылғының бөлшектері мұқият зерттеліп, ғылыми негізде жасалды.
Нөсер жауыннан көпір астында жиналған судан көліктер өшіп қалмас үшін шығармашылық топ арық жүйесін қайта жасауды ұсынады. Өзендердің табиғи арнасын сақтай отырып, үйлердің шатырынан бастап жерасты жолдарына дейін су өткізетін құбырлар қою керек, - дейді талапты жастар.
Гүлжан Көленқызы, Галина Муленкова, Валентин Лобанов
Фото: 24.kz