Павлодар облыстық ауруханасында орын алған өрт бала күтіміне жауапты әйелдің салғырттығынан орын алды деген болжам бар, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Аталмыш аурухананың бас дәрігері Ардақ Күзековтың айтуынша, ғимараттың сыртында орналастырылған бейнекамерада әйел адамның жертөлеге түсіп бара жатқан сәті түсіп қалған.
- Ол өзінің түсініктемесінде төменге шылым шегуге бара жатқанын айтқан. Темекінің тұқылы жылу трассасы жүргізілетін қабырғаның саңылауынан табылған. Тілсіз жау сағат 23.40-та ауыздықталды, - дейді Ардақ Күзеков.
Еске сала кетейік, кеше түнде облыстық аурухананың соматикалық бөлімшесінде өрт шығып, 150 адам сыртқа шығарылды. Оның 98-і - ем қабылдап жатқан балалар.
Фото: pavlodarnews.kz.