«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы сараптамалық тобының Таразда өткен отырысында партия мүшелері, азаматтық сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері халықты қолжетімді және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету, саламатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ, бұқаралық спортты дамыту мәселелерін талқылады, деп жазады zakon.kz.
Отырыс барысында сараптамалық топтың «Денсаулық сақтау» бағыты жөніндегі жетекшісі Ғұлам Омаров партияның Сайлауалды бағдарламасында республикадағы денсаулық сақтау жүйесін озық әлемдік стандарттарға сай жасау қажеттігі айтылғанын атап өтті.
Оның сөзіне қарағанда, денсаулық сақтау саласында 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттің, жұмыс берушінің және жұмысшының бірдей жауапкершілігін енгізуді қарастыратын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүзеге асады. Халықты қолжетімді және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етеді, ал жүйе қаржы мәселесі бойынша тұрақты әрі ашық болуы тиіс.
Науқастың шын мұқтаждығына қатысты біріккен жүйенің негізі ғана емес, стационар жағдайдағы емдеу шығындарын да төмендетуге мүмкіндік беретін бастапқы денсаулық сақтауды дамыту – басты артықшылығы болып табылады.
Нәтижесінде 2021 жылға қарай өмір сүру ұзақтығы 73 жастан асса, өлім-жітім деңгейі 10 пайыздан аса төмендейді.
Сонымен қатар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков бағдарламалық құжатты жүзеге асыру бұқаралық спортты дамытумен тығыз байланысты екенін жеткізді.
Басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда облыста 2013 спорт аренасы жұмыс істейді. Олардың ішінде 19 стадион, 665 футбол алаңы, 548 спорт залы бар. Жамбыл облысында бұқаралық спортпен айналысатын халықтың үлес алмағы 26 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш 287 мың адамды құрайды.