Қарағанды облысы Шет ауданында санитарлық қағидаларды бұзушылықты жойғанға дейін ауылдық мектептердің бірі уақытша жабылды. Бұл туралы Қарағанды облысы мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.
«Сот «Қарамыс бастауыш мектебіне» «Шет аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы» ӨММ талапарызы бойынша азаматтық істі қарады. Арыз беруші санитарлық нормаларды өрескел бұзғаны үшін мектепті пайдалануды тоқтатуын сұрады. Арыз қанағаттандырылды. Бұзушылықты толық жойғанға дейін оқу орнын пайдалану тоқтатыла тұрады», - делінген хабарламада.
Сот отырысында мектеп өкілдері талаппен толықтай келіскені атап өтіледі.
Іс материалдарына сүйенсек, тексеру ауыл мектебінде санитарлық қағидалардың өрескел бұзылғанын анықтады. Бастауыш сынып оқушылары білім алатын кабинеттер жөндеуді талап етеді. Сыныптарда төбе төмен иіліп тұр, сылақтары түскен. Су аққан іздер байқалады. Тексерушілер оқушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп барын айтты.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ, аппеляциялық сатыда шағымдануға болады.
Фото:today.kz