Бүгінгі күні Павлодар облысы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Сібір жарасына шалдығу жағдайы тіркелмеген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
- Соңғы рет адамдар арасында қатерлі ауруға шалдығу жағдайы 2010 жылы Ақсу ауылдық аймағында есепке алынған. Ол кезде жылқы мен сиырдан тараған індетке жеті адам шалдығып, екеуі қайтыс болған. 2010 жылдан бері адамдар мен малдар арасында сібір жарасына шалдыққандар жоқ. Облыста сібір жарасына қатысты тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Лабораториялық зерттеулер Павлодар облысының Ұлттық сараптама орталығында өткізіледі. 2015 жылы 820 сынама зерттелсе, биылғы жылы олардың саны - 345-ті құраған, - деді тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ирина Сорокина агенттіктің ресми сауалына жолдаған жауап хатында.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлеген Қашарбаев ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жергілікті кәсіпорындар өңір тұрғындарын ет өнімдерімен 100 пайыз қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні облыстан 575,8 мың тонна ет пен ет өнімдері экспортталған. Яғни, аймақ жұртшылығы ет өнімдерін пайдалануда тапшылық көріп отырған жоқ. Абзалы, жергілікті өнімді пайдалану.
Бейбіт Құрметбекұлы
Фото: vyatka.ru