Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметкерлері Сарышаған полигонында өткен "Жәрдем-2016" арнайы оқу-жаттығуында 170 жарылыс жасап, 200-ден астам нысанды сүрді, деп хабарлайды Қазақстан жаңалықтары АА, Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
Сейсенбі, 28 маусымда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов сәуірдің 18-і мен маусымның 28-і аралығында Сарышаған полигонында өткен "Жәрдем-2016" арнайы оқу-жаттығуының нәтижелерімен танысты.
"Бұл оқу-жаттығу ерекше бағытқа ие. Алғаш рет ниетке сәйкес әскери қызметшілер төтенше жағдайлар кезінде апат салдарын боршалауды жүргізді. Практикалық сабақтар жеке құрамның, әскери инженерлер мен қопару топтарының машығы мен дағдысын жетілдіруге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта оқу-жаттығу нәтижелерін мұқият талдау қажет", — деді Иманғали Тасмағамбетов соңғы кезең барысында.
Аталған оқу-жаттығуды өткізудің өзектілігі Сарышаған полигонының ауданында 20 жылдан аса пайдаланылмаған және қанағаттанарлықсыз жағдайдағы ғимараттар мен құрылыстардың орналасуымен байланысты. Оның шеңберінде әскери қызметшілер төтенше жағдайлар кезінде апат салдарын бөлшектеуді жүргізді. Арнайы оқу-жаттығуды өткізу барысында 20 мың гектар алаңда 200-ден аса жарамсыз ғимарат пен құрылыс қопарылып, құлатылды.
Жалпы алғанда, "Жәрдем-2016" оқу-жаттығуына 200-ден аса әскери қызметші тартылды, 170 жарылыс жүргізілді. 207 нысан құлатылды және шамамен 100 бірлік арнайы техника, яғни, бульдозерлер, тиегіштер мен экскаваторлар қатыстырылды. Соңғы кезеңге қиранды салдарын жоюдың жалпы көлемі шамамен 170 мың текше метрді құрады. Бұл көлемге құрылыс қоқысын тиеу және шығару, сондай-ақ құрылыс қоқысының алмастырылуы кірді.
Екі жарым ай ішінде әскери бөлімшелер ғимараттарды бөлшектеу мен боршалауды, сондай-ақ аумақты тазартып, соңғы кәдеге жаратуды жүргізгенін айта кеткен жөн.
Фото:newskaz.kz