Ағымдағы жылғы 28 маусымда «Көкнәр-2016» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында Жамбыл стасындағы Ішкі істер желілік басқармасының қызметкерлері, «Айс» лақап атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен, Жамбыл стансасы темір жол вокзалының перронында Тараз қаласының 35 жастағы тұрғынын ұстады. Бұл туралы көліктегі ІІД баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.
«Тексеру барысында ұсталған азаматшаның жол сөмкесінде өзіндік иісі бар, өсімдік тектес зат табылып, тәркіленіп алынды. Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленіп алынған зат жалпы салмағы 8 келі 660 грамды құрайтын «кептірілген марихуана» есірткі заты екендігі анықталды», - делінген хабарламада.
Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 296 бабының 4 тармағы бойынша (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектес заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) тіркелді.
Тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері еліміздің көлік полицейлері 589 келі есірткі заттарын, соның ішінде 2,5 келі героин есірткі затын тәркіледі. Сондай-ақ, есірткі заттарының контрабандасына қатысты 3 факті, заңсыз тасымалдауға қатысты 9 факті анықталды.
Фото: www.inform.kz