Медеу ауданы тұрғындарының өміріне қураған ағаштар қауіп төндіруде

Апат айтып келмейді. Расымен қатты дауыл тұрып, табиғат тосын мінез танытса, бұл ағаштардан адам баласы тұрмақ, жақын орналасқан үйлердің де аман қалуы екіталай.

Алматы тұрғындары қауіп төндірген апатты ағаштар туралы хабарлауда. Медеу ауданындағы Манаев көшесі аулаларында биіктігі 30-40 метрге дейін жететін қураған алып ағаштар көп. Шіріген бұталар өткен-кеткеннің зәре-құтын қашыруда. Нөсерлетіп жауған жауыннан соң, ағаштар тіпті түбірімен құлайтын көрінеді, деп жазады Алматы телеарнасы.

Биіктігі 9 қабатты үймен бірдей мына алып ағаштардың өсіп тұрғанына 70 жылға жуықтапты. Түп тамырымен қурап, маңайдағы тұрғындардың өміріне қауіп төндіруде. Теректердің бұтақтары жақын орналасқан үйлер мен қаңтарылған көліктерге, әрі көшеден өтетін адамдардың үстіне құлау қаупі бар. Әсіресе, соңғы он жыл ішінде жауған жаңбыр мен соққан желден қираған бұтақтар көше тұрғындарының зәре-құтын қашырыпты.

«Өздеріңіз көріп тұрғандай бұл ағаштар тек біздің үйімізге ғана қауіп төндіріп тұрған жоқ, көшеден өтетін адамдардың да өміріне қауіпті. Біздің көшемізде мектеп орналасқан, оған баратын балалар мен өзге де тұрғындар осы ағаштардың жанынан өтеді. Оқыстан оларды үстіне құласа не болады? Өз басыма келсек, екі рет осы ағаштардың бұтақтары үйімнің үстіне құлап, құбырым мен терезелерімді қиратқан болатын», - деді Вера Гниденко.

Апат айтып келмейді. Расымен қатты дауыл тұрып, табиғат тосын мінез танытса, бұл ағаштардан адам баласы тұрмақ, жақын орналасқан үйлердің де аман қалуы екіталай. Апатты ағаштар маңайда құрылыс жүргізіп жатқан жұмысшыларға да кедергі тудыруда. Бірақ олардың қаланың меншігіндегі аумақта өсіп тұрған талдарды отауға құқығы жоқ.

«Алдағы күндері үйдің сыртын жасап, көріктендірумен айналысамыз. Сол кезде бұл ағаштар жұмысымызға кедергі келтіреді. Бірақ өз еркімізбен алып тастай алмаймыз. Өйткені, ағаштар біздің аумағымызда тұрған жоқ», - деді инженер-құрылысшы Еркін Жүнісов.

Апатты ағаштардан секем алған тұрғындар былтырдан бері дабыл қағып аудан шенділерінен көмек сұрапты. Алайда, олардың өтініштеріне құлақ асқан бір жан болмаған. Тұрғындардың жағдайын айтып, мән-жайды білу үшін аудан әкімдігіне бардық, мамандар дереу жиналып апатты ағаштарды өз көзімен көруге барды. Адам өміріне қауіпті қурандыны ертеңнен қалдырмай кесуге уәде берді.

«Манаев көшесінде 100-ге жуық ағаш апатты жағдайда тұр және санитарлық кесуді талап етеді. Қазіргі кезде біз оларды түп тамырымен отау үшін табиғатты реттеу басқармасынан рұқсат сұрап, өтініш бердік», - деді Алматы қаласы Медеу ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Фараби Бекмамбетов.

Табиғи ресурстарды реттеу және пайдалану басқармасының дерегінше, жыл соңына дейін қала аумағында 2 жарым мың апатты ағаш оталады. Ал, олардың орнына 25 мың жаңа көшет отырғызылмақшы.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов

Фото: www.arnapress.kz

Актау Актобе Алматы Кызылорда Нур-Султан Семей
Следите за новостями zakon.kz в: