Елбасы әскери жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне погон табыстады

Бұл күні ҚР Қорғаныс министрлігінің 15 курсанты лейтенант шеніне ие болды.

Бүгін Астанада Мемлекеттік Туды көтеру және әскери жоғары оқу орындарының түлектеріне офицерлік погонды табыстау салтанатты рәсімі өтті. Құрлық әскерлерінің Әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтының үздік түлектері Әміржан Есіркепов, Қуаныш Тәпішев, Жансерік Кәрім, Елнұр Тоқанов Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан өздерінің алғашқы офицерлік шендерін алды, деп жазады zakon.kz, ҚР Қорғаныс Министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.

«Қымбатты түлектер бұл күндері мыңдаған жас қазақстандық оқуды тәмамдап, үлкен өмірге қадам басады, диплом алады. Бірақ, Сіздер өздеріңіздің жолдарыңызды еліміздің бас Туының аясында салтанатты жағдайда бастағалы отырсыздар. Бұл кездейсоқ емес, себебі, Сіздер қоғамда құрметтеуге лайық айрықша кәсіпті таңдадыңыздар. Бұл кәсіп – Отанды қорғау. Бірнеше жылдарыңызды жақсы әрі сапалы білім алуға, шеберліктеріңізді шыңдауға, достықтың, өзара көмек көрсетудің құндылықтарын түсінуге арнадыңыздар. Енді мұның барлығын іс жүзінде қолдануға тура келеді. Қызмет мінез-құлықтарыңызды шыңдады. Қызметтеріңізді адал атқаратындарыңызға шүбә келтірмеймін», - деп Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы жас офицерлерге игі лебізін білдірді.

«Мен үшін бүгін ерекше күн. Жоғарғы Бас Қолбасшының қолынан офицерлік погон алу – әрбір әскери қызметшінің арманы. Мен тәуелсіз Қазақстанымызға, оның халқы мен Елбасына адал қызмет етуге ант етемін», - деді Құрлық әскерлері Әскери институтының түлегі Елнұр Тоқанов.

Салтанатты рәсімнің жалғасы барысында ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов 11 үздік түлекке погон табыстады. Қорғаныс ведомствосы басшысының қолынан қазақстандық әскери оқу орындары – Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтының түлектерімен қатар шетел әскери оқу орындары – Санкт-Петербор қ. Әскери-медициналық академиясы, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету Әскери академиясы (Пенза қ. филиалы), профессор Жуковский мен Ю.Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясының түлектері де офицерлік шенді иеленді.

Бұл күні ҚР Қорғаныс министрлігінің 15 курсанты лейтенант шеніне ие болды. Бүгіннен бастап бұл жас офицерлер үлкен өмірге қадам басып, өздерінің офицерлік мансабын бастап, болашақта қазақстандық армияның офицері жоғары атағын абыроймен алып жүрмек.

Фото: www.mod.gov.kz

Следите за новостями zakon.kz в: