Астана қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен өткен төмен көміртекті экономикаға көшу және Қазақстанның Климаттың өзгеруі жөніндегі Париж келісімі шеңберіндегі тиісті міндеттемелерін орындау мәселесі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі кеңес отырысында талқыланды, деп хабарлайды Bnews.kz.
Іс-шараны ҚР Энергетика министрлігі ұйымдастырды. Оған Үкімет, БҰҰ Даму бағдарламасы, Еуропалық қайта құру және даму банкі, АҚШ халықаралық даму агенттіктері (USAID) өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар, сондай-ақ жеке және үкіметтік емес саланың өкілдері, барлығы 30-ға жуық адам қатысты.
ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен отырыста қатысушылар Климаттың өзгеруі жөніндегі Париж келісімінің міндеттемелерін қарастырды, төмен көміртекті экономикаға көшу, шаруашылық қызметтің қалдықтарын азайту және тұрақты даму мүмкіндіктерін арттыру үшін үкімет, индустрия кәсіпорындары және басқа да мүдделі тараптардың өзара әрекеттесуінің алдағы бағыттарын талқылады.
Отырыс соңында қатысушылар Қазақстанның Климаттың өзгеруі жөніндегі Париж келісімін ратификациялау және елдегі парниктік газдардың шығарылуын қысқарту бойынша іс-әрекеттер жоспарын іске асыруға бағытталған тәжірибелік ұсыныстар тізімін қабылдады.
Фото: look.bio