Алматыда ұрланған ұялы телефондарды сатып алумен айналысқан 26 жастағы азамат ұсталды. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.
Криминалды полиция басқармасы қызметкерлерінің дерегінше, 26 жастағы азамат ұрланған заттарды сатып алумен бұрыннан айналысып келген болса керек. Ол ұрланған телефонды 10 мың теңгеге сатып алып тұрған жерінде ұсталды.
«Ол сатушының бұл телефонды қылмыстық жолмен тапқандығын жақсы білген. Бұл жедел және арнайы шаралар жүргізу барысында расталды. Қылмыстың басталу тарихы мынадай: бұдан бірнеше күн бұрын біздің бөлімшенің қызметкерлері қоғамдық көлікте жас азаматты ұстады. Ол қолға түсерден бірнеше минут алдын бір жолаушы әйелдің телефонын жымқырған. Күдікті қылмысын мойындады және тергеу ісіне көмектесуге келісті. Оның айтуынша, бұл құқыққа қайшы әрекетпен ол бұрыннан айналысып келген. Ал қылмыстық жолмен тапқан олжасын, дәлірек ұялы телефондарды Марат есімді азаматқа арзан бағаға сатып отырған. Көп ұзамай ұрланған телефондарды сатып алушы қылмыс үстінде ұсталды», - деді Алматы қалалық ІІД Криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жанболат Зиядин.
Ал осы қылмыстық іспен айналысып жатқан Алматы қалалық ІІД тергеу басқармасының қызметкерлері алдағы іс жүргізу жоспарын түсіндірді.
«Бұл Е. есімді азаматқа ҚР ҚК 196-шы бабында қарастырылған қылмыстарды (қылмыстық жолмен табылған бұйымдарды сатып алу) жасаған деген айып тағылуда. Жасаған ісі қылмыстық әрекет категориясына жатады. Өндірісті қамтамасыз ету мақсатында ұсталған азамат қазір ҚР Қылмыстық іс жүргізу Кодексінің 128-ші бабына сәйкес, уақытша тергеу абақтысына тоғытылды. Ал, ішінде арнайы шаралар нәтижесінің деректері бар барлық бұлтартпайтын дәлелдер базасы, қылмыстық істің материалдарына тіркелді. Күдікті істеген ісін мойындады және жауап беріп жатыр», - деді Алматы қалалық ІІД тергеу басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Рүстем Әбдірахманов.
Айбота Жаппарберген
Фото: lisakovsk.kz