К. Мәсімов XIX ғасырда Қазақстанды зерттеген саяхатшы Аткинсондардың ұрпақтарымен кездесті

Өзінің саяхаттары кезінде Т. Аткинсон 600-ге жуық сурет салған.

Қазақстанды зерттеген әйгілі ағылшындық зерттеушілер Томас және Люси Аткинсондардың ұрпақтары өздерінің аты шыққан ата-бабаларының жолымен жүріп өтуді жоспарлауда. Саяхатты бастар алдында олар Астанаға келді, мұнда Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен кездесті, деп хабарлайды zakon.kz, pm.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап.

«168 жыл бұрын Қазақстанды зерттеген ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсонның ұрпақтарымен кездестім», - деп жазды К.Мәсімов өзінің Twitter-дегі парақшасында.

Т. Аткинсонның Қазақстанға алғашқы сапары 1847 жылы басталды. Ол Алтай арқылы оңтүстікке қарай Риддер, Өскемен қалаларына бағыт алып, Зайсан мен Арқанда болды, Көкпекті тауындағы монастырді көріп, солтүстіктегі даланы аралады.

Өзінің екінші саяхатында, 1848 жылдың тамыз айында Т. Аткинсон жұбайы Люсимен бірге қазіргі Солтүстік және Шығыс Қазақстанның аумағында болды. Сібірдің Алтай өлкесінен жолға шыққан олар Жоңғар Алатауының бойымен Зайсан және Алакөл көлдерін кесіп өтіп, Қапал бекетіне дейін жетті.

Үшінші сапарымен Қазақстанда Т. Аткинсон 1852 жылы болды. Ол сол кезде солтүстік Моңғолия мен солтүстік Жоңғар арқылы шығыстан келді, одан соң Қапалға оралып, Текеліге және оңтүстікке Іле өзеніне дейін барды.

Т. Аткинсон қазіргі Қазақстанның аумағындағы өзінің осы үш саяхаты туралы екі шығармасында: «Шығыс және Батыс Сібір» (1858 ж.) және «Жоғары және Төменгі Амур аймағына саяхат» (1860 ж.) атты кітаптарында егжей-тегжейлі жазды.

Ал Люси Аткинсон өз сапарлары туралы «Татар даласы туралы естеліктер» атты кітап жазды. Бұл кітап 1863 жылы Т. Аткинсон көз жұмған соң жарыққа шықты. Кітапта дала көшпенділерінің тұрмыс-тіршілігі мен ұлы туғаннан кейін ана ретінде оған көрсетілген зор құрмет кеңінен баяндалған.

Өзінің саяхаттары кезінде Т. Аткинсон 600-ге жуық сурет салған.

2015 жылдың қараша айында қазақстандық тараптың қолдауымен Лондонда Ник Филдингтің «Оңтүстікке Ұлы далаға сапар: Томас пен Люси Аткинсонның 1847-1852 жылдардағы Шығыс Қазақстанға сапары» атты кітабы жарыққа шықты.

Бұл кітапта Т. Аткинсонның ұрпақтарының бірінің жеке мұрағатында сақталған жазбалар, күнделіктер мен хаттар пайдаланылған. Сонымен қатар кітапта литография мен гравюралардың жоғары сапалы көшірмелері жарияланған, Аткинсон отбасы жүріп өткен жолдар бағыты көрсетілген Шығыс Қазақстанның картасы, картиналар, Т.Аткинсонның жазбалары, ерлі-зайыптылар қолында болған артефактілер бейнелері де көрініс тапқан.

Фото: pm.kz

Следите за новостями zakon.kz в: