Атырау облысында малдың қырылуына байланысты карантин жарияланды

Қазір аудандық ветеринарлар ауру жұқтырған малды аман сақтап қалу үшін қажетті шараларды жүргізіп жатыр.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев африкалық аурудан 50 шақты мал қырылған Құрманғазы ауданында карантин жариялауды тапсырды, деп хабарлайды BNews.kz.

Ірі қара мал жаппай қырылған ауданға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы жағдаймен танысып, қол астындағыларға тиісті нұсқаулар берді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, қазіргі таңда ауру жұқтырған мал толықтай жойылған, жеке меншіктегі ауру малдар өзге малдардан оқшауланды. Сондай-ақ, малдары өлген адамдарға өтемақы төленетін болды.

Айта кетейік, жергілікті мал дәрігерлері малдың қандай аурумен ауырғанын нақты анықтай алмаған болатын. Диагнозды республикалық орталық зертхананың мамандары қойып отыр. Талдау нәтижелері бойынша, мал неодулярлы дерматитпен ауырған. Абырой болғанда, бұл ауру адамдарға жұқпайды.

«Бұл вирус бізге Ресейден келді. Ауру бұған дейін Шешенстан, Дағыстан және Ставропольде тіркелген. Қанатты жәндіктерден тарайтын аталмыш ауру африкалық құрлық елдерінде кездеседі. Бүгінгі таңда 2 043 қара мал ауру жұқтырған болса, соның 51-і өлді. 343 бас малды мамандар антибиотиктердің көмегімен емдеді», – деді облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев.

Қазір аудандық ветеринарлар ауру жұқтырған малды аман сақтап қалу үшін қажетті шараларды жүргізіп жатыр. Аудан бюджетінен бөлінген қаражатқа вакциналар мен дәрі-дәрмек сатып алынуда.

Фото:www.ua.all.biz

Следите за новостями zakon.kz в: