Ленинский-Ертіс тас жолында болған ірі жол апатынан кейін ауруханаға жатқызылған алты адамның екеуі шығарылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше Павлодар қаласының ауруханалары мен Ақтоғай орталық аудандық ауруханасында төрт адам жатыр.
- Оқиға болған түні алты адам Ақтоғай ауруханасына жатқызылды. Олардың үшеуі санавиация арқылы Павлодарға жеткізілді. 40 жастағы әйел мен 39 жастағы ер адам №1 қалалық аурухананың травматология бөлімінің жансақтау бөлімінде жатыр. Ал 17 жастағы қыз облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімінде ем алуда. Олардың жағдайын дәрігерлер бір қалыпты деп бағалауда. Ауданда қалған үш адамның екеуі шығарылды. Қазіргі кезде аудандық ауруханада 23 жастағы жігіт жатыр, оның жағдайы орташа, - деді баспасөз хатшысы Махаббат Мұхамадиева.
Естеріңізге сала кетсек, 26 шілде күні шамамен сағт 23.00-де орын алған апаттың салдарынан бірінші көлікте жүргізуші, 35 жастағы әйел мен бір жастағы бала көз жұмды. Екінші көлікте 45 және 27 жастағы екі әйел мен 2015 жылы туған сәби қаза тапты. Бұдан басқа түрлі дене жарақаттарымен Ақтоғай аудандық ауруханасына алты адам жатқызылды. Апатқа қатысты ҚР ҚК 345 бабы төртінші бөлімі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Назым Қарабаева
Фото: Рavlodarnews.kz