Ақмола облысының Ерейментау ауданында төтенше жағдай жарияланды. «Нөсерлі жауын салдарынан ол аумақтағы тұрғын үйлер мен аулаларды, шаруашылық құрылыстарын су басты», - деп хабарлады ТЖК баспасөз қызметінен, деп жазады 24.kz арнасы.
Ерейментау қаласында 17 аула мен 5 тұрғын үй су астында қалған. Қазіргі уақытта ол жерлерде суды шығару жүріп жатыр. Аудан әкімдігінде жедел штаб құрылды. Жауын суын ағызу, арналарды қазу, аулалар мен көшелерге құм төсеу, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша халыққа көмек көрсету үшін жергілікті атқарушы органның коммуналдық қызметтері, ТЖД, жергілікті полиция қызметінен 3 бригада құрылды, 17 бірлік техника, 45 адам тартылды. Сондай-ақ нөсер жаңбыр Құмай өзенінің үстінен салынған көпірді бұзып кеткендіктен Ерейментау мен Аршалы арасындағы жол да жабық. Астана-Павлодар тас жолының 205-шақырымын да су шайып кетті. Бүгінде көліктер Қарағанды арқылы қатынауда. Тас жолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қанат Доспаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
- Қазір үйлерден барлық су сорылды. Тек бір үй ғана қалып отыр. Ондағы суда сыртқа шығаруда. Осы уақытқа дейін 2 мың текше метр су айдалды. 600 метр көше мен 60 аулаға қиыршықтас төселді. Қазір жағдай бірқалыпты.
Фото: 24.kz