Демалысқа отбасымен шыққандар балаларын ұмыт қалдырып, қайғылы оқиғаларға тап болуда. Төтенше жағдай қызметкерлері шомылуға рұқсат берілмеген өзен-көл сағаларында демалушылардың көптеп кездесетінін айтады. Арнайы ереже сақтамайтындары қаншама. Осыны ескерген жауаптылар Бадам су қоймасына рейд жасады. Қойма суын саялағандарға суда жүзу ережесін еске салды, деп жазады otyrar.kz.
Бадам су қоймасы жағалауын саялағандар ескертуге құлақ аса қоймады. Содан болар, төтеншеліктер алдарына барып, түсіндіру қағазын таратты. Суда шомылу ережелерін еске салды. Әсіресе, балаларын жетектегендерге қатаң қадағалау жолдарын айтып берді. Өйткені мұндай шомылушылардың басым бөлігі қауіпсіздігін шараларын біле бермейді.
Төтеннен түсіндіру шарасын ұйымдастырған төтеншеліктердің бұл қылығын жұрт жатырқамай қабылдады. Айтып келмейтін апаттан аман болудың жолдарын үйреніп, үрейлерін басты. Айта өтейік, суға түсу маусымы басталғалы 52 адам мерт болған. Оның 32-сі — балалар.
Қуатбай Қырғызбайұлы, ОҚО ТЖД бөлім басшысы: «Балалардың басым бөлігі ата-анасының қадағалауынсыз қалып, суға кеткен. Ал ересектер суда жүзу ережелерін сақтамаған. Мас халде суға түсіп мерт болғандары да бар. Сондай-ақ, балық аулап отырып та оқыс оқиғаға тап болады. Биыл өз күшін білмегендер көптеп суға кетті».
Оңтүстікте 320 су айдыны бар. Оның 41-і су қоймасы болса, 16 көл, 82 өзен және 81 каналбар. Барлығына бірдей шомылуға рұқсат жоқ. Оның үстіне құтқарушылар да жетіспейді. Тек Шардара, Тоғыс және Бадам су қоймаларына ғана арнайы бақылау бекеттері орнатылған. Сондықтан өз бетінше кез келген көлге суға түсіп, өмірімен қош айтысатындар саны артқан.
Ерік Сарбаев, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы:
«Бізде сақтық шараларын сақтау жұмыстары толассыз жүргізіледі. Әлеуметтік желі арқылы да бұқараға қарапайым шомылу ережесін түсіндіріп отырамыз. Қауіпсіздік сақтау әркімнің өзіне байланысты. Балаларының амандығы да өздері үшін. Сол себепті мұқият болуға, шомылу ережесін қатаң сақтауға шақырамыз. Көрінген суға түсуге болмайды».
Мұндай рейд жұмыстары өңірдің барлық су айдындарында жүргізілді. Маусым аяқталғанша халықты құлақтандырудан тынбаймыз деп отыр жауаптылар.
Фото: otyrar.kz.