Павлодарда сібір жарасын жұқтырған 40 жастағы ер адам емделіп, ауруханадан шығарылды

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 19 күн жатқан ер адам үйіне жіберілді. Дәрігерлердің айтуынша оның жағдайы қанағаттандырарлық.

Ертіс ауданы Ұзынсу ауылының 40 жастағы тұрғыны ауруханадан шығарылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі мәлім еткендей емделуші 28 шілде күні үйіне жіберілген.

- Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 19 күн жатқан ер адам үйіне жіберілді. Дәрігерлердің айтуынша оның жағдайы қанағаттандырарлық. Алдағы уақытта ол аудандық орталық аурухана мамандарының бақылауында болады. Ал 31 жастағы Ертіс ауылының тұрғыны әлі де ауруханада жатады, - деді баспасөз хатшысы Махаббат Мұхамадиева.

1965 жылы туған ер азамат Ұзынсу ауылында ауру малды союға қатысып, салдарынан сібір жарасын жұқтырып алған. Ол облыстық ауруханаға 9-шілде күні жатқызылды. Келесі күні дәрігерлер оның сібір жарасын жұқтырғанын растады. Естеріңізге сала кетсек, 17-шілде күні облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында сібір жарасынан Бекболат Рахметов көз жұмды. 8-шілде күні Ұзынсу ауылының 51 жастағы тұрғыны қолындағы жаралар мен дене қызуының жоғарылауына шағымданған. Дәл сол күні сол ауылдағы 31 жастағы әйел де денсаулығына шағымданған. Науқастар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген.

Белгілі болғандай, олар етін жеген мал 27-маусымда Ұзынсу ауылындағы жайылымда сойылған. Артынша бұл 117 келі еттің Ертіс ауданындағы «Майра» дәмханасына өткізілгені белгілі болды. Жұқпалы етті жеуі мүмкін деген 95 адам анықталды. Ертіс ауданында 24 адам ауруханаға жатқызылып, 64 адам бақылауға алынды. Павлодар қаласында жеті адам ақ халаттылардың бақылауында болды. 16-шілде күні Ертіс аудандық ауруханасында жатқан 24 адам аурухадан шығарылды. Қазіргі уақытта Ертіс ауданындағы жағдай бір қалыпты. 28-шілде күні Ұзынсу ауылында карантин шешілді.

Назым Қарабаева

Фото: pavlodarnews.kz

Следите за новостями zakon.kz в: