Павлодарда дизель отынының тапшылығы жылу жүйелеріндегі жөндеу жұмыстарына кедергі келтіруде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиын барысында "Павлодарэнерго" АҚ-ның басшысы Олег Перфилов мәлім етті.
- «ПТС» және «ПРЭК» АҚ-мен бар мәселе дизель отынына байланысты болып тұр. Еркін саудада дизель отыны жоқ. Өкінішке орай, алған техниканың жартысына жанармай құя алмай отырмыз. Кез келген бағамен сатып алуға әзірміз. Алайда дизель отыны жоқтың қасы. Мәселе шешімін табар деген үміттеміз. Десе де, бір аптадан соң жұмыс тоқтап қала ма деп алаңдаймыз, - деді Олег Перфилов.
Жылу берушінің айтуынша, Павлодар мен Екібастұзда дизель отының тапшылығына байланысты жөндеу жұмыстары кестеден тыс қалуда. Жылу маусымы басталмас бұрын 33,6 км жылу жүйесін ретке келтіру керек. Қазіргі таңда 7,85 км жүйе жөнделген.
- Жылу жүйелерінде жүргізілетін жұмыста кестеге сай үлгермеушілік бар. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыс көлемінің 80 пайызы орындалған. Мәселе шешімін табар болса, тамыз айында қарқынды жұмыс істеп, әлеуметтік нысандарға қыркүйек айында, қалған нысандарға жылу маусымы басталғанда жылу беруге дайынбыз, - деді Олег Перфилов.
Облыс әкімі өз қарамағындағыларға жағдайды жіті бақылауда ұстауды тапсырды. - Қажет болған жағдайда қаражат алу үшін энергетика министрлігіне хат жазу керек, - деді Болат Бақауов. Алайда павлодарлық мұнай-химия зауытында зауытта дизель отыны жеткілікті деп сендіруде. Сатушылар болса, жанар-жағармай бағасының артқанын күтуде. "ПМХЗ" ЖШС-нің директоры Шухрат Донбай бүгінде зауытта 30 мың тонна дизель отыны бар екенін мәлім етті.
Фото: today.kz