Мұнай өндірісі көлемін тұрақты ұлғайту мәселесінің Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызы зор. Атап айтқанда, 14 маусымда өткен Үкімет отырысы кезінде Премьер-Министр биыл мұнай өндірісін 74 млн тоннадан 75 млн тоннаға дейін арттыруды тапсырды. Сонымен қатар Энергетика министрлігі мен ҚМГ алдына 2016 жылдың қазан айына дейін Қашағанда мұнай өндіруді іске қосу міндетін қойды. Бұл туралы zakon.kz, pm.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Қашағанда мұнай өндіру оны қалпына келтіру жұмыстарына байланысты тоқтатылған болатын. Жоба 2013 жылдың 11 қыркүйегінде іске қосылды, сол күні Қашағаннан алғашқы мұнай алынды. Алайда 24 қыркүйек күні D аралынан «Болашақ» зауытына өтетін құбырды жоспарлы тексеру кезінде ілеспе газдың ағып кеткені анықталды. Осыған орай Қашағанда мұнай өндіру зақымдалған учаскеде жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін тоқтатылды. Жөндеу жұмыстарынан соң газдың ағып кетуі тағы анықталып, мұнай өндірісі тоқтатылды. Жұмыс тобы жүргізген талдам көрсеткендей, газдың ағып кетуіне сульфидті қосындылар әсерінен құбырлардың шытынауы себеп болған. Бұл мәселені шешу үшін газ және мұнай құбырларын толығымен ауыстыру қажет болды.
D аралы Атырау қаласынан 85 шақырым қашықтықта орналасқан және бүгінде оның құрылысына 3,5 миллион тонна тас жынысы қолданылған. К.Мәсімов бұрғылау ұңғымаларын көріп, нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. NCOC компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн ҚР Премьер-Министріне кен орнында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, Солтүстік-Каспий жобасының жүзеге асырылу барысы туралы әңгімеледі.
2014 жылы Солтүстік-Каспий жобасының консорциум мүшелері кен орнында бір жерде шоғырландырылған бірлескен компания жұмыс істейтіні туралы келісімге келген болатын, ол сол кезде жұмыс істеп тұрған «NCOC» операторының атауын иеленді.
Анықтама үшін:
Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісімге (СКӨБК) 1997 жылдың қараша айында Қазақстан мен халықаралық консорциум қол қойды. 1998 жылы аумағы 5 600 шаршы шақырым СКӨБК учаскесінде көмірсутектерді барлау жұмыстары басталды.
СКӨБК аясында 2000 жылы Қашаған, 2002 жылы Қаламқас теңізі, 2003 жылы Ақтоты, 2003 жылы Қайраң және 2003 жылы Оңтүстік Батыс Қашаған кен орындары ашылды.
NCOC компаниясы құрамына жеті мұнай-газ компаниясы енген консорциум атынан жоба операторы ретінде жұмыс істейді, олардың сәйкесінше жобаға қатысу үлесі келесідей:
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ Кашаған Б.В.) -16,88%;
ENI S.p.A. (Agip Caspian Sea B.V.) – 16,81%;
Exxon Mobil Corporation (ExxonMobil Kazakhstan Inc.) - 16,81%;
Royal Dutch Shell plc. (Shell Kazakhstan Development B.V.) - 16,81%;
Total S.A. (Total E&P Kazakhstan) - 16,81%;
CNPC (CNPC Kazakhstan B.V.) - 8,33%;
INPEX Corporation (INPEX North Caspian Sea) - 7,56%
Қашаған кен орны Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде Қазақстанның аумақтық суларында орналасқан, оның аумағы шамамен 75 шақырым және 45 шақырым. Кен орнындағы мұнайдың геологиялық қорлары 4,5 миллиард тоннаға жуық деп бағалануда.
2000 жылы «Восток-1» ұңғымасын өңдеудің арқасында ашылған ірі қайраңды мұнай-газ кен орнына мемлекет үлкен үміт артады, себебі ол соңғы 40 жыл ішінде ашылған әлемдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі болып есептеледі. Кен орнын толыққанды пайдалану Қазақстанның мұнай-газ индустриясындағы өз ұстанымын жақсартуға айтарлықтай септігін тигізеді деп күтілуде.
Фото: azh.kz