Ақмола облысында 80 жастағы кейуананың 3500 еуро ақшасын жымқырған алаяқ ұсталды. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА, облыстық ІІД баспасөз қызметінен түскен ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Полицейлердің мәліметі бойынша, алаяқтық қылмыс ағымдағы жылдың 14 қаңтарында Шортанды кентінде орын алған.
«Аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне 80 жастағы қария арызданып, бейтаныс ер адам алаяқтық жолмен 3500 еуро ақшасын жымқырып кеткенін айтты. Аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 190 бабының 3 бөлімі бойынша (алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды.
Жедел іздестіру шарасы барысында 80 жастағы әжейдің жалғыз тұратыны және Германиядағы балалары ақша жіберіп отыратыны анықталды. Осыны білген күдікті қарияның үйіне келіп, өзін Германияға рейске шығып жүрген жүргізуші ретінде таныстырады. Кейін сеніміне кірген ол кейуананың балаларымен кездесіп, сәлемдеме және ақша жібергенін айтады. Алайда, жолда келе жатқанда көлік сынып, оны жөндеуге 3500 еуро ақша қажет екенін айтып, сендіреді.
Алаяқтың арбауына сенген қария бірден көп ойланбастан сұраған ақшасын береді. Кейін біраз күн өткен соң алданғанын түсініп, полицияға хабарласады.
Дегенмен, жедел іздестіру шарасы барысында 64 жастағы астаналық қолға түседі. Қазіргі кезде күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылып үстінен қылмыстық іс қозғалды», деп көрсетілген хабарламада.
Аслан Оспанов
Фото: www.inform.kz