Биылғы жылдың тамыз айынан бастап мемлекеттік аудиторларды сертификаттау басталады. Жыл соңына дейін сертификаттау жөніндегі Ұлттық комиссия 1,5 мыңға жуық мемлекеттік аудиторды тексереді. Бұл туралы zakon.kz, Pm.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
«2015 жылы мемлекеттік аудит пен қаржы бақылауы туралы заң қабылданған болатын. Бұл заң Қазақстанның мемлекеттік аудитке көшуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік аудит режимінде жұмыс істеу үшін бізге білікті кадрлар қажет. Сондықтан, заң мемлекеттік аудиторларды тәуелсіз сертификаттауды іске қосты. Мемлекеттік аудит пен қаржы бақылауына қатысты барлық қызметкерлер 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін сертификат алуы тиіс. Бұл сертификатты алмаса, олар бұл жүйеде жұмыс істемейді», - деді Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин Ұлттық комиссия отырысында.
Комитет төрағасының айтуынша, мемлекеттік аудитор сертификат алу үшін сәйкес білікті емтихандардан, сондай-ақ сертификаттау жөніндегі Ұлттық комиссияда сұхбаттасудан өтуі қажет.
«Сертификат алу үшін екі кезеңнен өту қажет: біріншісі, біліктілік емтиханын тапсыру, екіншісі, сертификаттау жөініндегі Ұлттық комиссияда сұхбаттасудан өту. Үміткерлерге үздік «Мемлекеттік аудитор» деңгейіне жету үшін қатаң талаптар қойылады», - деді ол.
Есеп комитетінің басшысы айтып өткендей, бұл жұмысты және үміткерлермен сұхбат жүргізуді комиссия мүшелері ағымдағы жылдың тамызынан бастайды.
«2017 жылдың қаңтарына дейін шамамен 1,5 мың қызметкермен сөйлесуіміз керек. 199 үміткер оқытылды. Үміткер сыннан өткен соң «мемлекеттік аудитор» мәртебесіне ие болады. Жалпы, сертификаттау механизімінен кейін кәсіби мемлекеттік аудиторлар көбейеді деп ойлаймын», - деді ол.
Анықтама үшін:
Сертификаттау жөніндегі Ұлттық комиссия құрамына Президент Әкімшілігі, Парламент (келісу бойынша) өкілдері мен ішкі мемлекеттік аудит бойынша құзіретті органның екі білікті маманы және Есеп комитетінің бес өкілі кіреді, олардың екеуі облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тексеріс комиссияларының мүдделерін қорғайды.
Ұлттық комиссия төрағасы Есеп комитетінің төрағасы болып есептеледі. Ұлттық комиссияның жұмысшы органы Есеп комитеті болып табылады.
Фото:www.bsgarant.com