Павлодар облысында колледж оқытушылары мен оқушыларына жатақханалардан бөлме беруде заң бұзушылықтар анықталған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Бұл туралы экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Сансызбай Әкімбеков мәлім етті.
- Павлодар технологиялық колледжінің жатақханасында 36 бөлме колледж қызметкерлеріне тұрғын үй комиссиясы шешімінсіз берілген. Сондай-ақ, Ақсу қаласының Жаяу Мұса атындағы колледжінде бөлмелер студенттерге өтінішсіз және жалға алу туралы келісімшартсыз ұсынылған. Оқушылар мен колледж қызметкерлері арасындағы жатақханада тұру туралы келесімшартта төлемақы көлемі мен есептесу тәртібі көрсетілмеген. Бұл ретте, жатақханада тұру құнында айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, Красноармейка аграрлық-техникалық колледжінде айлық төлемақы 800 теңгеден болса, Павлодар бизнес колледжінде 3000 теңгеден шығады. Нәтижесінде жергілікті бюджетке шамамен 17,8 млн теңге түспеген. Павлодар бизнес колледжі мен химия-механикалық колледжіне 2013-2016 жылдар аралығында бір миллион теңгеден астам сомаға колледжде оқымайтын және жұмыс істемейтін жандарға бөлмелер берілген, - деді Сансызбай Әкімбеков.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Саян Мұқановтың айтуынша, тексеру комиссиясы мемлекеттік активтердің пайдалануы мен техникалық және кәсіби білім беру саласында білім беру бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша биыл мамыр-маусым айларында мемлекеттік аудит жүргізіп, 15 нысанның жұмысына баға берген. Аталған кемшіліктердің орнын толтыру бойынша тиісті жұмыс атқарылып, бюджетке 14835,8 мың теңге қайтарылған.
Қалған соманың орнын толтыру мақсатында білім беру мекемелеріне 2016 жылдың 11-қазанына дейін уақыт берілген. Сондай-ақ, өз ісіне салғырт қараған тұлғалар жауапкершілікке тартылған.
Ақбота Сейсенбаева
Фото: Рavlodarnews.kz