Шымкентте торда тұрған дала қыраны балапан басып шығарды

Бүркіттің өзі оны бүріп ұстап жеуге үйретіп жүр. Сондай-ақ ұябасар балапанын қызғанып, шаңқылдап, өзге құстарды маңына жуытпайды.

Шымкенттегі хайуанаттар бағында тұқымы құрып бара жатқан Қазақстанның Қызыл кітабына енген дала қыраны балапан басып шықты, деп жазады 24.kz арнасы.

«Бұл – еркіндікті сүйетін жыртқыш құстың темір торда тұрып алғаш ұрпақ өрбітуі», - дейді мамандар. Зообақтағылар қанаты қатаймаған құсты түрлі тірі жәндіктермен қоректендіреді. Ал бүркіттің өзі оны бүріп ұстап жеуге үйретіп жүр. Сондай-ақ ұябасар балапанын қызғанып, шаңқылдап, өзге құстарды маңына жуытпайды. Жұмыртқаны мамыр айында жарып шыққан балапан қазір қанатын қомдап ұшуға дайындалып жүр. Айта кетейік, бұл бақта тағы 20 шақты жыртқыш құс бар. Олардың арасында өте сиерк кездесетін тазқара мен сақалтай қарақұс пен жыланжегіш қыран да кездеседі. Қырандардың жұбын 7 жыл бұрын зообаққа саяхатшылар әкеліп тапсырған.

Латипша Алиев, «Шымкент зообағы» МҚК басшысының орынбасары:

- Біздің зообақта 36 жылда алғаш рет дала қыранының балапаны пайда болды. Күніне екі рет, 8 бастан тірі жем береміз. Бір қызығы, оны бүркіт бүріп алып ұябасарға апарып береді. Ал ұябасар оны баласына бөлшектеп береді. Әзірге балапанның түсі өзгермеген. Өйткені ол сол ұясынан әлі ұзап ұшқан да жоқ.

Фото: 24.kz


Следите за новостями zakon.kz в: