Жергілікті атқарушы органдар мен банктер ипотекасын төлей алмағандарға өздерінің келісімімен жұмысқа орналасуға көмек көрсетуі мүмкін. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Алматыда Премьер-министрдің төрағалық етуімен өткен кеңесте айтты, деп хабарлайды BNews.kz.
Барлық мүдделі тараптардың бірлескен жұмысының арқасында, бірінші кезекте соңғы уақытта Алматы әкімдігі тарапынан ипотекалық қарыз алушылардың мәселелері бойынша аса шиеленісті жағдай бәсеңдеген. Мәселелерді талқылау сындарлы, мәдени арнаға ауысты, барлық тарап ынтымақтастықта болуға және проблемаларды оңтайлы түрде шешуге мүдделі.
«28 шілдеде Ұлттық банк, Алматы қаласының әкімдігі, бірқатар банк (5 банк) және еліміздің қоғамдық бірлестіктері арасында проблемалық ипотекалық қарыз алушылардың өз міндеттемелерін орындауына байланысты мәселелерді шешу шеңберінде Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум басқа әкімдіктердің, банктердің және мүдделі тұлғалардың қол қоюына дайын тұр. Меморандумның қолданылу мерзімі – 12 ай», – деп ескертті ҚР ҰБ басшысы.
Оның айтуынша, меморандум қарыз алушылардың банктер арасындағы міндеттемелерді орындауының өзара қолайлы талаптарын айқындауға, сондай-ақ проблемалық қарыз алушыларды кепілге қойылған жалғыз баспанасынан шығаруды тоқтата тұруға бағытталған.
«Бұл ретте, одан әрі сөйлесу үшін қарыз алушылармен және қоғамдық бірлестіктермен кездесу өткізу тәжірибесі жалғасын табатын болады. Қарыз алушыларға Ұлттық банк қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысы шеңберінде консультациялар беріледі, ал жергілікті атқарушы органдар мен банктер қарыз алушыларды олардың келісімімен жұмысқа орналастыруға көмек көрсетуі мүмкін», – деп атап өтті Д.Ақышев.
Фото: sibirlife.ru