И.Тасмағамбетов әріптестерімен Ұжымдық қауіпсіздік Шарт Ұйымын дамыту мәселелерін талқылады

Ұдайы негізде «Шеп», «Өзара іс-қимыл», «Мызғымас бауырластық», «Іздестіру» бірлескен оқу-жаттығулары өткізіліп тұрады.

Бүгін, 16 тамызда Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті. Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан ҰҚШҰ мемлекеттері қорғаныс ведомстволарының басшылары ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің іске қосылу және даму мәселелерін, Ұйымның Біріккен штабының қызметін жетілдіру жөніндегі шараларды, мемлекеттердің әскери ынтымақтастығының болашағын жоспарлауды талқылады. Бұл туралы , ҚР Қорғаныс Министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.

Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысында барлығы 11 мәселе қаралды. Оның ішінде, 6 елдің қорғаныс ведомстволарының басшылары 2016 жылдың екінші жартыжылдығы мен 2017 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған сыртқы саясат, қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері бойынша кеңес беру жоспарын бекітті.

Сондай-ақ, кездесу барысында әуе шабуылына және зымыранға қарсы қорғаныс проблемаларын зерттеу саласындағы базалық ғылыми-зерттеу ұйымдары туралы ереже бекітілді. 2020 жылға дейінгі кезеңде ҰҚШҰ мүше мемлекеттерінің әскери ынтымақтастығын дамытудың негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына, сонымен қатар, ұйымның Біріккен штабының әскери геральдикалық белгілерін құру туралы қорғаныс министрлері кеңесінің шешіміне қосымша өзгерістер енгізілді.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негізде тәуелсіздікті, аумақтық бүтіндік пен оның қатысушы мемлекеттерінің егемендігін қорғау үшін 2002 жылы құрылғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда ҰҚШҰ-ның құрамында бірқатар құрылымдық органдар құрылды. Ұдайы негізде «Шеп», «Өзара іс-қимыл», «Мызғымас бауырластық», «Іздестіру» бірлескен оқу-жаттығулары өткізіліп тұрады.

Өткен кезеңде жаңа қауіп-қатерлердің туындауына байланысты, сондай-ақ, өзара іс-қимыл мен әскери ынтымақтастықты нығайту шеңберінде Ұжымдық жедел ден қою күштері, ұжымдық бітімгершілік, авиациялық күштер қалыптастырылып, бас штабтар бастықтары деңгейіндегі Әскери комитет құрылды.

Фото:www.mod.gov.kz

Следите за новостями zakon.kz в: