AIBA кінәсін мойындады. Рио Олимпиадасында бокстан өткен 239 жекпе-жекке сараптама жасаған халықаралық қауымдастық мамандары төрешілер шешімінде қателік барын анықтаған. Осылайша ағаттық жіберген қазылар Жазғы ойындардың соңына дейін өз қызметтерінен шеттетіліп отыр, деп жазады 24.kz арнасы.
Бірақ, бұған дейінгі кездесу қорытындылары сол күйі өзгеріссіз қалады. Айта кетейік, 91 келіге дейінгілер арасындағы соңғы сында қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко жұдырықтасып, арты үлкен дауға ұласқан еді.
Жерлесіміздің 3 раунд бойы басымдықта болғанын көре тұра рингтегі төреші ресейлік боксшының қолын көтерді. Содан бері Халықаралық бокс қауымдастығының атына және төрелік еткен қазыларға бағытталған сын толастар емес.
Мысалы, WBC мен WBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Серхио Мартинес Twitter-дегі парақшасында:
«Менің түсінігімде 91 келілік салмақта Қазақстан боксшысы жеңіске жетті», - деп жазды.
Ресейлік промоутер Владимир Хрюнов: «Левит тек қана алтын медальға емес, Вэл Баркер кубогына лайық еді» деп бір-ақ кесті.
Спорт шолушысы Энди Кларк өз Twitter-інде: «Осымен екінші рет Тищенкоға алтын медаль сыйға тартылды. Әлем біріншілігінде Савон сабап еді, енді Левит басым болды. Таң қаламыз», - деген.
Ел ішіндегі әлеуметтік желілер де осы тектес мазмұндағы жазбаға толы.
Фото: 24.kz