Бүгінде Тараз қаласындағы бүтін бір аудан арық жүйесінің жоқтығынан азап шегіп отыр. Айтуларынша, 6 жылдан бері Төрткүл ауданының көшелері көлге айналған. Жаз ортасында арық суы тыйылмайды, - дейді тұрғындар. Салдарынан жылыстап жеткен судан баспаналарының іргесі бұзылып, опырыла ма деп күдіктенеді, деп жазады Астана телеарнасы.
Қаланың еңіс аймағында орналасқан ауданға шаһардан шыққан барлық арық сулары ағып, көшелерін көлге айналдырады. Жаз шықса - осы, - дейді тұрғындары. Ауданда тұратын бұқара жағымсыз иісі бар суды кешіп жүрміз деп, налиды.
Түймебек Әбденбаев, Тараз қаласының тұрғыны:
5-6 жыл болды егесіз топан судың кесірінен үйлерімізді су алып жатыр. Көшені су алып жатыр, үйлердің алды құлауға айналды.
Жылғалап жеткен судың жайылғанынан жалыққан тұрғындар, жағдайдың жасалмай тұрғанына наразы. "Атқамінерлер ат үсті қарайды. Естір құлақ жоқ",- дейді.
Асылай Әділова, Тараз қаласының тұрғыны:
Қалалық судың астында шомылып жатырмыз. Үйімізді су алды, ешқандай тәртіп жоқ. Барлық жерге жазғанбыз. Аяғымызбен барғанбыз. «Ойбай жақсы болады бәрі, су алмайды, тәртіп болады!» - деген. Болған ештеңе жоқ мінекей.
Төзімдері таусылған төрткүлдіктер, арық жүргізуге мүлде мүмкіндік жоқ, дейді. Өйткені әкімдік арық өтетін аумақтарды жер теліміне айналдырып, үстіне үйлер салып жіберген. Бұқара енді судың басын басқа жаққа бұру керек деп отыр. Ал шенеуніктер бұл шешімнің ақылға қонымсыз екенін айтады.
Әбдулмүтәліп-Қожа Мадаминов, Тараз қаласы әкімдігі "Тараз ирригация" ЖШС бас шебері:
Төрткүл жаққа ағатын суды біз бекітіп тастай алмаймыз. Оған себеп - бау-бақша. Өйткені сол судан бүкіл аудан алқаптарын суарып отыр. Арық үстіне үй салынып кеткені рас. Бұдан шығу үшін тұрғындар өздері кірісіп, арық қазу керек. Немесе бітелген арықтарын өздері ашулары тиіс.
Ал арық қазуға арнайы техника мен мамандар қажзет. Тұрғындар оларды жалдауға қалтамыз көтермейді деп отыр.
Данияр Әлімқұл
Фото: zhambylnews.kz