Ақмоланың астық қабылдау орындары орақ науқанына дайын

Биылғы жылдың тамыз айында қамбаның алдағы астық науқанына техникалық сәйкестігі туралы құжатқа қол қойылды.

Атбасар ауданындағы ірі астық қабылдау пункті егін орағы науқанында бір мезгілде 70 мың тоннаға дейін бидай сақтап, экспортқа шығара алады. Толық тазартылып, құрғатылып, химиялық залалсыздандырылған қамбалар алдағы жауапты науқанға дайын, деп хабарлайды BNews.kz.

Бұрын небары 18 мың тонна астық сақталатын қамбаның сыйымдылығын 2013 жылдан бері арттыру жұмыстары қолға алынып, бүгінде ол 36 мың тоннаға дейін астық қабылдауға қауқарлы. Бұл жерге ылғалды астықты кептіріп, нарыққа шығару үшін 6 ауданның диқандары өнімдерін тапсырады.

«Алғашқыда астық сақтау көлемін 9 мың тоннаға жеткіздік. 2013 жылы «Бизнестің жол картасы» аясында 18 мың тоннаға арттыру туралы жоба қолға алынды. Аталған жоба сол жылдың желтоқсан айында жүзеге асты. Өткен сәуір айында тағы 9 мың тонна қостық»,–дейді астық қабылдау пунктінің жетекшісі Александр Саввин.

Астық сақтау қамбасының сыйымдылығын арттыру үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2 кезеңнен тұратын ауқымды жоба қолға алынған. Бұл іске «Даму» қоры арқылы 167 миллион теңге бөлінген.

«Былтырғы жылы астық қабылдау қуаттылығымыз 27 мың тонна болғанына қарамастан кәсіпорында 67 мың тонна астық өңдеуден өтті», – дейді А.Саввин.

Биылғы жылдың тамыз айында қамбаның алдағы астық науқанына техникалық сәйкестігі туралы құжатқа қол қойылды. Диқандар өз астықтарын осы қамбаға тапсырып, ол құрғатылып сақтауда жатқанда, шетелдік сатып алушылармен келісім жасайды. Одан кейін мұндағы астық Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталады.

Фото: 7kun.kz

Следите за новостями zakon.kz в: