Соңғы екі күнде Маңғыстау облыстық ІІД полициясы тиісті құжаттары жоқ жанар-жағармай өткізуге тырысқан үш әрекеттің жолын кесті, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.
Бірінші оқиға 17 тамыз күні түнгі 2:30-да отын-энергетика саласындағы қылмыстың алдын алу бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында тіркелді.
Маңғыстау облысы ІІД жергілікті полиция қызметі, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Бейнеу ауданындағы Сарықамыс-Боранқұл тас жолында тіркемесі бар «МАЗ» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлік жүргізушісі 1971 жылы туған Боранқұл ауылының тұрғыны болып шықты.
«Жүргізуші заңды екенін растайтын құжаттары жоқ 18 тонна жанар-жағармай алып бара жатқан. Аталған факт сол күні ҚР ҚК 197 бабы, 3 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», - деді Маңғыстау ІІД баспасөз қызметінің өкілі Шолпан Юлдашева.
Екінші оқиға да сол күні, сол тас жолда бірнеше сағаттан кейін орын алды. Полиция 1974 жылы туған жүргізуші басқарған тіркемесі бар «КамАЗ» көлігінен 23 тонна заңсыз жанар-жағармайды тапты.
Үшінші оқиға 18 тамыз күні Бейнеу ауданында жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында тіркелді. «Ақниет» дәмханасы маңында Маңғыстау облысы ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы «Газель» маркалы автокөлікті тоқтатты. Оны 1987 жылы туған Бейнеу ауылының тұрғыны жүргізген және оның көлігінен 2 тонна заңсыз жанар-жағармай табылған. Бұл материалдар да Бейнеу аудандық ІІБ ҚР ҚК 197 бабы, 3 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Фото: inform.kz