1 қыркүйек – Білім күнінде Оңтүстік Қазақстан облысында 25 білім беру нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы zakon.kz, ОҚО әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, сыйға тартылатын 25 нысанның 2-уі 600 орындық, 9 нысаны 300 орындық болса, қалған 14 білім мекемесі 100 және 200 балаға шақталған. Білім ошақтары негізінен, облысымыздың Сайрам, Сарыағаш, Қазығұрт және Мақтарал аудандарында орналасқан. Аталған ғимараттар пайдалануға берілгенде өңіріміздегі 6,5 мыңнан астам шәкірт жаңа мектептерде сауат ашып, тәрбиеленетін болады.
Жалпы, облыста жыл басынан бері 67 білім беру нысанының құрылысы жүріп, оның бүгінге дейін 13-і ел игілігіне жұмыс істеуде. Өңіріміздің Бәйдібек, Сайрам, Төлеби, Түлкібас, Мақтарал аудандары мен Шымкент, Түркістан, Арыс қалаларында пайдалануға берілген 150, 200, 300 және 600 орындық мектептер мен 280 орындық балабақшалар (онда 5540 бала оқып, тәрбиеленуде) аймақтағы білім сапасының жақсарып, арта түсуіне ықпал етуде.
Мұнан бөлек, жыл соңына дейін 600 оқушыға шақталған 1 мектеп есігін айқара ашса, іргетасы қаланып жатқан 28 ғимаратты пайдалану келесі жылдың еншісінде.
Облыстық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметінше, жалпы 67 нысан пайдалануға тапсырылғанда 26 145 оқушы жаңа оқу ғимаратымен қамтылатын болады.
Фото: ontustik.gov.kz