Алматы түбіндегі Қоян-Құс ауылының тұрғындары күлімсі иістен арыла алмай жүр

Экологиялық жағымсыз ахуал туралы Іле ауданының әкімдігі хабардар. Айтуларынша, қоқысқа ешкім от қоймайды.

Елді-мекеннен бір шақырым жердегі қоқыс полигоны 2010 жылы заңды түрде жабылғанымен, зардабы әлі күнге дейін айналаны шарпып отыр. Тұрғындардың айтуынша, жаз басталса болды аталған қоқыс алаңы өртеніп, күлі айналаны алып кетеді, деп жазады Алматы телеарнасы.

"Полигонда түнде бір нәрсе жағады. Сондай жаман иіс. Таң ертең терезені ашсақ демала алмаймыз. Резина жаққан сияқты жаман иістер келеді үйге",- деді Қоян-Құс ауылының тұрғыны, Сәуле Батырова.

Бұл Іле ауданына қарасты Қоян-Құс ауылының шыдамы шегіне жетіп, "Айқайлай, айқайлай қасқырдан ұят болды" деген тұрғындарының арызы. Таза ауамен дем алу былай тұрсын, терезені ашудан қалдық,- дейді. Жаз басталса болды ауылдың аспанын көк түтін мен қара күйе басады. Ауылдан бір шақырым жердегі ескі қоқыс полигоны бар. Күлімсі иіс пен көк түтін содан тарайды.

Қоян-Құс ауылы тұрғындарының наразылығына ұшыраған дәл осы қоқыс полигоны. Жабылғанына бірнеше жыл болса да зардабы әлі күнге дейін бар. Себебі, мұндағы қоқыстар күні, түні бықсып, өртеніп жатады. Нәтижесінде, ауаға түтінмен бірге көтерілген қара күйе ауылды басып қалады екен. Ал, күлімсі иіс пен қара күйеден тынысымыз тарылады,- дейді ауыл тұрғындары.

Кеңес одағы кезінен бері қоқыс жиналған полигон 1999 жылы заңды тіркеліп, 2010 жылы ауыл тұрғындарының наразылығымен жабылған. Қазір аумағы 3 гектарды құрайтын алаңқайға барар жолдың барлығы жабық. Мұнда ешқандай көлік кіріп, шыға алмайды екен. Алайда, үнемі түтіндеп, жанып жатады, - дейді төңіректегі жұрт.

"Күнде таңертең терезенің алды қара күлге толып қалады. Оны күн сайын сүртіп, тазалап қоямыз. Мен осы ауылда 35 жылдан бері тұрамын. Мұндай жағдай соңғы бес жылдан бері пайда болды. Қазір үйдің ішіне де күл толып қалады. Біздің шыдамымыз таусылды. Бірде бір адам келіп бізге жағдайды түсіндерген жоқ",- деді Қоян-Құс ауылының тұрғыны, Баян Күлбаева.

Экологиялық жағымсыз ахуал туралы Іле ауданының әкімдігі хабардар. Айтуларынша, қоқысқа ешкім от қоймайды. Шенеуніктер ғылыми тілмен түсіндіруге тырысты: жылдар бойы жиналған қалдықтан бөлінген химиялық газ ыстық ауамен араласқанда тұтанатын көрінеді. Қоқыстың жаз бойы бықсып, жанып жататыны содан. Полигонды жою туралы шешім де бар. Бұл мақсатта биыл республикалық бюджеттен 3 млн. теңге бөлінген.

"Утилизация үшін үкіметтен 3 млн. теңге ақша бөлінді. Енді ол үшін экономикалық есеп жасалады. Қазір мемлекеттік сатып алу болып жатыр. Сол бірталай уақытты алып отыр. Бұл облыстың да басты мәселесі болып отыр",- деді Алматы облысы Іле ауданы әкімдігінің бөлім басшысы, Арман Қамалбек.

Аудан әкімдігінің айтуынша, қазір полигондағы қоқысты жоюға арналған тендер жүріп жатыр. Оның қашан аяқталып, қордаланған қалдықтың қашан жойылатыны әзірге белгісіз. Бір анығы аталған іс үшін қаржы бөлініпті. Қоқыс полигоны жойылғанша Қоян-Құс ауылының тұрғындарына сабыр мен шыдамға сүйенуге тура келеді.

Аршын Кемелжан, Рашидин Якупов

Фото: sputnik-ossetia.ru

Актау Актобе Алматы Кызылорда Нур-Султан Семей
Следите за новостями zakon.kz в: