Бүгін Қарағанды облысында күйдіргі күдігімен 3 адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлады Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметінен. Ведомство ақпаратына қарағанда, науқастар ауруханаға жатқызылып, ем қабылдағаннан кейін жағдайлары түзелген. Бір науқастың күйдіргі диагнозы анықталған, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.
Күйдіргі күдігімен науқастардың ауруханаға жатқызылғандығы туралы ақпарат түскеннен кейін комитеттің Қарағанды облыстық департаменті аудандық медициналық қызметпен бірге аурудың көзін және жұқтыру факторларын анықтау шараларын жүргізген.
«2016 жылғы 16 тамызда науқастар өздерінің ауласында өгізше сойған. Ветеринарлық тексерусіз және жалған құжатпен сатып алынған өгізшені сою барысында олар ауру жұқтырып алған. Ет алып-сатушыларға сатылған. Қазіргі уақытта 68,3 келі ет алынып, жойылды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қарағанды облыстық департаменті эпидемияға қарсы іс-шараларды толық көлемде іске асыруда, байланыста болған адамдардың арасынан науқастарды анықтау үшін күн сайын аулаларды аралау жүргізілуде»,- делінген хабарламада.
Ведомство ақпаратына сәйкес, науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды, олар ем алуда. Қазіргі уақытта ветеринариялық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғастырылуда. Жағдай бақылауда.
Марлан Жиембай
Фото: www.inform.kz