Бәйдібек ауданының орталығы - Шаян елді мекенінде жыл басынан бері тындырымды тірліктер атқарылып, ауылдың ажары арта түсті, деп жазады zakon.kz, ОҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Шаяндағы ұзындығы 6,2 шақырым болатын 15 көше асфальтталып, пайдалануға берілді. Автокөліктерге арналған 6 көше кеңейтіліп, 7 жолға (ұзындығы 3,5 шақырым) жаңадан аяқжол (тротуар) төселді.
Аудан орталығының сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстары мұнымен тоқтаған жоқ. Абаттандыру жұмыстарын жүйелі қолға алудың нәтижесінде, көше бойындағы жиектер (бордюрлар) жаңартылып, су ағатын арықтар орнатылды.
Бәйдібектегі орталық көшелер де жаңарған. Онда бүгінге дейін 10 орталық көшенің қақпасы (арка) жаңадан орнатылып, 10 гүлзар бой көтерді. Мұнан бөлек, мекемелердің алдында автокөліктерге арналған 10 автотұрақ салынды.
Сондай-ақ, аталған елді мекен көшелерін көркейтіп, көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Мәселен, жыл басынан бері аудан орталығының орталық көшелеріне 2500 түп ағаш отырғызылып, 7 мың дана раушан гүлі мен 13 мың түп гүлді өсімдіктердің түйнектері егілді.
Фото: ontustik.gov.kz