2015 жылы Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаев «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарын ел назарына ұсынғаны бәрімізге белгілі. Стратегияда әр саланың жұмыс барысын, алға қойған биік мақсаттарын жүйелеп жүзеге асыру міндеттілігі жүктелген. Қазақстан Республикасының әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылуы межеленген. Бүгінгі таңда жас мемлекетімізде сот жүйесінің өзіндік функциясына лайық, қандай да бір мүдделілікке мойын бұрмай, қара қылды қақ жарып төрелік айтатын жағдай қалыптасқан. Судьялар заңдық тұрғыдан да, материалдық қамтамасыз ету тұрғысында да тәуелсіздік деңгейіне жеткен. Бұл бағытта мемлекет тарапынан да жүйелі, жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді, жүргізіле де бермекеші.
Елбасы өзінің халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында азаматтардың іскерлік белсенділігін арттыруға мүмкіндік беру қажеттігін, соған сай ұлттық құқықтық стандарттармен сәйкестендіре отырып, қылмыстық жазаны ізгілендіру жөніндегі реформалар жүргізу керектігін айтқан болатын. Осы орайда елімізде бірқатар қодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп бекітілді. Осылайша, аталған заңдар 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
Жаңа кодекстердің бұрынғыларынан едәуір айырмашылықтары бар. Біріншіден, бұл Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің құрылымындағы өзгерістерге қатысты.
Ескі қылмыстық кодекс 393 баптан тұрса, жаңасындағы баптардың саны 467-ге дейін көбейген. Статистикаға жүгінсек, соңғы жылдары елімізде қылмыс саны азайған.
Бүгінде мемлекеттік органдар адамды айыптау амалынан біртіндеп ауытқып, олардың құқын қорғау арнасына түсіп келеді. Мұның бәрі ауыр дәрежелі қылмыстарды орта дәрежелі қылмыстарға ауыстыру арқылы жүзеге асуда.
Жаңа қылмыстық кодекстегі басты жаңалықтың бірі ретінде қылмыстық жазаға тартылуға жатқызатын әрекеттерді екі буынды деңгейде, яғни қылмыс және қылмыстық теріс қылық деп қарастыруды айтуға болады. Жаңа құжат бойынша қылмыстық теріс қылықтарға-қоғам үшін соншалықты ауыр қауіп-қатер төндірмейтін құқықбұзушылықтар жатады. Соған сай қылмыс және қылмыстық теріс қылық үшін тағайындалатын жазалар да нақты айқындалған. Тағы бір басты өзгешелік-қылмыстық жауапкершілікке байланысты жаңа түсініктердің қосылуы.
Жаңа заңнамада айыппұл төлету арқылы жазаға тарту басымдығы қөзделген. Айыппұл көлемі де артқан. Енді азаматтар қылмыстық әрекет жасағаны үшін 5-50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал қылмыс жасағандар 500-10 000 айлық есептік көрсеткішке сәйкес айыппұл төлейтін болады.
Жаңа Кодекстегі тағы бір елеулі өзгерістің бірі-қылмыстық теріс қылыққа байланысты істердің созылып кетуіне жол бермеу мақсатындағы талаптар. Алдағы уақытта тергеуге дейін қылмыстық іс қоғау жөніндегі қаулы шығару деген болмайды, яғни тергеу? тінту сияқты тергеу шараларының барлығы арыз тіркелген сәттен бастап уақыт оздырмай бірден жүргізіледі. Мұндай тәжірибе Батыс Еуропаның бірқатар елдерінде көптен бері қолданылып келеді.
Сонымен қатар, қылмыстық сот процесіне қатысушылардың арасында бәсекелестік пен тең құқықтылықты қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық іс өндірісін қосымша тексеруге жіберу де алынып тасталған. Бұл да істің созылып кетпеуіне септігін тигізеді.
Сот жүйесі уақыт талабына сай іргелі өзгерістерді бастан кешіріп, өз дамуында сапалық жаңа деңгейге көтерілгеніне барлығына куәміз. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде сот төрелегін жүзеге асыру бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау) үш сатылы жүйесіне (бірінші, апелляциялық, кассациялық) көшті. Бұл дегеніміз, аудандық оған теңестірілген соттар бірінші саты болып есептеледі. Бірінші саты шығарған соттың шешіміне қанағаттанбаған тарап апелляциялық сатыға, яғни облыстық сотқа шағымдана алады. Шағымданушы тараптар осы сатыда қабылданған шешім жан-жақты қаралып, оңды шешім қабылданды деп келіспеген жағдайда, тараптар одан әрі Жоғарғы Соттың құзыретіндегі кассациялық сот алқасына шағымдануға құқысы бар.
Бүгінде сот төрелігінің сапасы артып, нәтижесінде істерді қараудың процессуалдық кезеңін бұзу азайды. Облыстық сотпен қатар Жоғарғы Соттың деңгейіндегі қадағалау сатылары қысқарып, аудандық соттың рөлі күшеюі, қадағалаушы сатының Жоғарғы Соттың құзыретіне берілуі тараптармен соттарға тиімді, нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі күшейіп келеді.
Қалай дегенде де, жаңа Кодекске енгізілген бұл жаңашылдықтар халықтың сотқа деген сенімінің артуына, соттың өкілеттіктерінің кеңеюіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сот тарапынан халықаралық стандарттарға сай барынша қорғалуына кепіл беретіндіген айқындайды.
Фото: shyn.kz