Павлодарда үшінші жылу электр орталығында болған оқиға салдарынан бір адам жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Павлодарэнерго» АҚ-ның қоғаммен байланыс бөлімінде мәлім еткендей, оқиға кеше сағат 14.30-да орын алды. Салдарынан қазандық цехында құбыр жарылып, жұмысшы ыстық буға күйіп қалған.
- Осы уақытта 2016 жылы 22 маусымда жөндеуге жіберілген №5 қазандықты қоршау жұмыстары жүргізіліп жатқан. Күтпеген жерден «САЭМ Павлодар» ЖШС-нің бесінші дәрежелі отқа төтеп беруші жұмысшысы күйік алған. Осы оқиғаға қатысты арнайы тергеу комиссиясы құрылды. Алдағы уақытта төтенше жағдайдың шығу себеп-салдары анықталатын болады, - деді қоғаммен жұмыс істеу бөлімінде.
Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 1961 жылы туған әйел №1 қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы ауыр. Зардап шеккен әйел үшінші дәрежелі күйік алған.
Назым Қарабаева
Фото: Рavlodarnews.kz