Төрт пәтерлі тұрғын үйдің түгелге жуығы жанып кеткен. Шиеттей бала-шағаны қосқанда 25 адамнан тұратын 3 отбасы туыстарын жағалауға мәжбүр. Кейбірі күлге айналған баспаналарын тастап кеткілері жоқ. Тұрғындардың айтуынша, өрт араққа салынып кеткен көршілерінің пәтерінен шыққан көрінеді, деп жазады КТК телеарнасы.
Бір маскүнемнің кесірінен қазір 20-дан аса тұрғын тентіреп қалды. Бала-шағаны құтқарамыз деп жанталасып жүргенде, киім-кешек, қағаз-құжат атаулы жанып кеткен. Қазір кейбірі тума-туыстарын жағаласа, енді бірі жылуы мен жарығы жоқ төрт қабырғаның ішінде отыр.
Баянсұлу Сариева, Орал қаласының тұрғыны:
-Міне, мына жерде тұрып жатырмыз. Түнде көршілерге қонуға барамыз. Кейбір заттарымызды аман алып қалдық. Барлығы дымқыл. Су мен жарықты, жылуды ажыратып тастады. Әрі қарай не болатынын кім білсін...
Салынғанына 60 жылдан асқан 4 пәтерлі бұл үй сүрілуі тиіс екен. Жаңа баспана берілгенше тұрғындар несие алып, ескісін шамалары келгенше жөндеген. Мына жағдайдан кейін әкімдіктен келгендер бұларға басыбайлы жаңа пәтер жақын арада бұйырмайтынын ашық айтты.
Сәуле Шуланбаева, Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:
- Жергілікті бюджет есебінен осы өрттен зардап шеккендерге 50 АЕК мөлшерінде ақша қаржы көмек қарастырылған. Ол көмекті алуға жаңағы өрт болған үйдің иелері заңды түрде иесі болып табылатын адамдар ол көмекті алу үшін біздің бөлімге келіп, өздерінің құжаттарын тапсыру керек.
Тұрғындар бұл қаражат жыртығымызды жамауға да жетпейді деп отыр. Дегенмен әкімдіктегілер зардап шеккендерге уақытша пәтер жалдап беруге уәде етті.
Автор: Жанар Низамутдинова
Фото: rodina.news