Алматы облысы Ескелді ауданының прокуратурасына Қарабұлақ кентінің 27 жастағы тұрғыны шағымданып, өзінің жеке куәлігін біреулер қолдан жасағанын және ешбір қылмысқа бармаса да, ҚР Құқықтық статистика базасында оны қылмыстық жауапкершілікте тарту туралы мәліметтердің барын айтқан, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.
Аудан прокуроры Қадыржан Исатай мәлім еткендей, арыз авторы бұл туралы Халыққа қызмет көрсету орталығына мекен жай анықтамасын алуға барған кезде білген. Анықтамада оның Талдықорған қаласындағы абақтыда тіркелгендігі жазылған.
Тексеру барысында Құқықтық статистика комитетінің базасында көрсетілген қылмыстарға ер адамның расымен де еш қатысы жоқтығы анықталды. Жиналған материалдар тексеру үшін Алматы облысының өзіндік қауіпсіздік басқармасына жөнелтілді. Ендігіде өзге адамның атына тағы бір жеке куәлік кімнің салғырттығынан жасалғандығы анықталатын болады.
«Анықталғандай, арыз берушінің ауылдасы жасаған қылмысынан кейін ұсталған кезде, полицейлерге өзінің көршісінің жеке бас мәліметтерін берген. Онымен қоса, ол өзге адамның құжатымен бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты», - деп нақтылады Қадыржан Исатай.
Фото: www.inform.kz