Каспийде теңіз суын тұщылайтын жаңа зауыт салынады

Су тұщылайтын зауыт Каспий жағасына жақын тұста, Маңғыстау облысы Қарақия ауданында орналасуы мүмкін.
Маңғыстау облысында теңіз суын тұщылайтын зауыттың құрылысын жүзеге асыратын 3 инвестордың бірі анықталды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысы индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.

«Облыста теңіз суын ауызсуға айналдыратын зауытты салуға инвесторларды іздеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жаңаөзен тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ететін Кендірлі маңындағы теңіз суын тұщылайтын зауыттың инвесторлары анықталды», - деді Қарасаев тілшілердің сауалына берген жауабында.

Кейін, тілшілерге жеке сұхбат берген ол, аталмыш жоба егер екі тарап 2,5 жылда келісімге келген жағдайда ғана жүзеге асырылатынын атап өтті.

«Зауыт қуаты мен жоба құны туралы қазір мен айта алмаймын. Себебі қазір тек инвестор табылды. Бұл нысанды «ҚазМұнайГаз» реттейді. Себебі ол «ЖаңаөзенМұнайГаз» компаниясымен бірге қолға алынып отырған жұмыс. Қазіргі кезде ҚМГ үш инвестордың бірін таңдап алды. Егер олар инвестициялық келісімге қол қоятын болса, онда бұл 2,5 жылдың жұмысы», - деді ол.

Су тұщылайтын зауыт Каспий жағасына жақын тұста, Маңғыстау облысы Қарақия ауданында орналасуы мүмкін.

«Теңіз суын пайдаланатындықтан, зауыт Каспий маңында болатыны қисынды. Кейін ауызсуға айналған тұщы су құбырлармен елдімекенге жеткізіледі. Ең бірінші аталмыш су «ЖаңаөзенМұнайГаз» бен жергілікті халық үшін жасалып отыр. Себебі тұщы су бұл аймақта тапшы», - деді Қарасаев.

Фото: www.inform.kz
Следите за новостями zakon.kz в: