Ресейдің Анапа қаласында кикбоксингтен ересектер арасындағы VII әлем Кубогында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 2-курс студенті Арайлым Әуезова жеңімпаз атанды, деп хабарлайды zakon.kz ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
21-26 қыркүйек күндері Анападағы «Витязево» спорт кешенінде өткен байрақты бәсекеге 28 елден келген 200-ден астам спортшы қатысты. Арайлым Әуезова 48 келі салмақ дәрежесінде үш белдесу өткізіп, жарыс жолында Үндістан, Беларусь және Ресей елдерінен келген қарсыластарынан басым түсті.
– Әлем Кубогына қатысушылар кикбоксингтің барлық түрлері бойынша бақтары мен баптарын сынады. Әсіресе, «point fighting» және «К-1» нұсқалары аса тартысты өтті. Арайлым төбелесу тактикасы мен техникасының әдемілігі жағынан өзгелерден оқ бойы озып шықты, – дейді бапкері, Жамбыл облысының кикбоксингтен аға жаттықтырушысы Сәбит Усипов.
Жас спортшы бұған дейін кикбоксингтен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионатының алтын медаль иегері және аталған спорт түрінен ҚР Кубогы үшін жарыста 2-орынды қанжығасына байлаған.
Бүгінде ол биылғы жылдың 14-16 қазан күндері Алматыда өтетін республикалық «Үздіктер турниріне» дайындалуда.