Мақтаралдықтар 110 мың тонна «ақ алтын» жинады

Биыл мақтаралдық шаруалар мақта алқаптарының көлемін жылдағымен салыстырғанда 6 мың гектарға арттырып, 83 мың гектар жерге мақта шитін екті.

Мырзашөлдік шаруалар мақта қырманын «ақ алтынға» толтырып жатыр. Ақ мақтаны қыркүйек айынан бастап тере бастаған қожалықтар бүгінге дейін 53 мың гектар мақталықтан 110 мың тонна шитті мақта жинап үлгерді. Оның 44 мың тоннаға жуығы қолмен терілсе, 66 мың тоннадан астамы арнайы техникамен жиналған. Бұл туралы zakon.kz Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.


Түсімділік те көңіл көншітеді. Әр гектардан болжамдық шамамен 24,1 центнерден «ақ алтын» алынуда. Бүгінге дейін жалпы мақталық алқаптарының 64 пайызын жинаған мақташылар бірінші терімді аяқтап, екінші терімге көшуде. Ол үшін аудан көлемінде 297 дана түрлі комбайндар мен 10 мыңнан астам адам мақта терім науқанына қатысуда.


«Мақтаның бағасы биыл жаман емес. Келісін 155-160 теңгеден өткізіп жатырмыз. Өнімділігі де жылдағыдан айтарлықтай жоғары. Құдайға шүкір, биыл бір байып қалатын болдық», - дейді шаруа Алдан Сәрсенбаев.


Айта кетейік, биыл мақтаралдық шаруалар мақта алқаптарының көлемін жылдағымен салыстырғанда 6 мың гектарға арттырып, 83 мың гектар жерге мақта шитін екті. Жиын-терім науқанының соңына дейін Мырзашөлде 200 мың тоннадан астам ақ мақта жинау күтілуде.


Фото: ontustik.gov.kz


Следите за новостями zakon.kz в: