Ақсуда жол салатын техниканың астында қалып, қайтыс болған жігіттің отбасына компания 1 млн теңге берді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Естеріңізде болса, осыдан үш-төрт күн бұрын «Павлодар-Астана» бағытындағы жол бойында Ақсу қаласына қарасты Парамоновка ауылының 37 жасар тұрғыны Шынарбек Ерікбайұлын жол салатын алып техника басып кеткен болатын.
Марқұм бұған дейін «Дена Рахсаз Констракшин» деп аталатын иран компаниясының қарамағында жұмыс істеп жүрген. Қаза тапқан жұмысшының туыстары мен бірге істейтін азаматтардың сөзінше, қайғылы оқиғаға жол салып жатқан компания тарапы кінәлі. Өйткені, компания басшылары істен шыққан техниканы қалай болса да от алдырып, басқа орынға жылжытуды бұйырған, тіпті оны істемеген жағдайда «жұмыстан қуыласың» деп қорқытыпты. Бірақ, қазіргі күнге дейін компания басшылығы сол кінәсін мойындамай отырған көрінеді.
Деседе, марқұмның жақын туыстарының өтініші бойынша мәйітті жерлеу рәсімдері үшін 1 млн теңге төлепті. Мәселенің анық-қанығын білу үшін облыстық еңбек басқармасына хабарластық.
- Істі тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. Бүгіннен бастап тергеу жұмыстары жүргізілуде. Он шақты күннің ішінде істің мән-жайын анықталатын болады. Жақында жұмыс беруші тарап зардап шеккен азаматтың отбасына 1 млн. теңге өтемақы төледі. Қазір қос тараптың арасында тағы да келіссөз жүргізілуде, - деді облыстық еңбек басқармасының бөлім басшысы Данияр Әкежанов. Айта кету керек, қайтыс болған азаматтың артында әйелі және 14 жасар қызы қалды. Жұбайы жұмыссыз. Туыстары жұмыс беруші компаниядан марқұмның отбасына облыс орталығынан пәтер алып беруді талап етіп отыр. Қандай шешім шығарылатыны алдағы күннің еншісінде.
Автор: Тілеуберді Сахаба
Фото: Рavlodarnews.kz