Қазірдің өзінде Алматы қаласы бойынша 32 мыңға жуық адамға респираторлық инфекцияға қарсы екпе егілді. Үстіміздегі жылдың 3 қазанында басталған егу науқаны қараша айының 15-іне дейін жалғасады. Қалалық емханаларда тіркеуде тұрғандарға, жүкті әйелдер емін жұқпалы ауруға жиі шалдығатындарға екпе тегін түрде жасалады, деп жазады Алматы телеарнасы.
Зейнеткер Кеңес Түктібаев екпе қабылдауды 2004 жылы шетелге қонақтап шыққан кезден бастаған. Содан бері жыл сайын егу науқаны басталған кезде, №1 қалалық емхананың дәрігерлеріне жүгініп, өз денсаулығына күтім жасайды. Вакцинациялау тұмауға қарсы профилактиканың едәуір тиімді әдісі.
«Вакцинаны жыл сайын 2004 жылдан бастап алып келемін. Үнемі, күзде аламын. Оный пайдасы мен үшін көп. Мына тұмаудан сақпын. Көп ауырмаймын, анда-санда болмаса», - деді Кеңес Түктібаев.
Егу жұмыстары қаланың барлық емханаларында халықтың осал топтағы тұрғындарына тегін жасалады. Олар созылмалы өкпе, жүрек қан тамыры ауруларымен ауыратын, иммун жетіспеушілігі әлсіз және жиі ауыратын балалармен ересектер, жүкті әйелдер мен ардагерлер. Қазірдің өзінде Алматы қаласы бойынша 32 мыңға жуық адамға жіті респираторлық инфекцияға қарсы екпе егілді.
«Ағымдағы жылы жергілікті әкімшіліктен осал топтағы тұрғындарды тұмауға қарсы егу үшін 80 мың доза Гриппол плюс вакцинасы сатып алынды. Осал топты егу 3 қазаннан басталды. Қазіргі күні 31 мыңнан астам адам егілді. Тұрғылықты мекен жайы бойынша емханаларда жүргізіліп жатыр. Егер тұрғындар осал топқа кірмейтін болса, олар жеке қаражаттарына медицина ұйымдарында ақылы есеппен егу алуға болады», - деді Алматы қаласы Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті жұқпалы және паразиттік ауруларды қадағалау бөлімінің басшысы Алмаш Ахметова.
Бүгінгі күні Алматы қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Былтырғы жылдың 41аптасымен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі 14,5 пайызға төмен. Әзірге тұмау жағдайлары тіркелмеген. «Вакциналар сапалы, тиімді әрі халықаралық талаптарға сай», - дейді мамандар. № 1 қалалық аурухананың өзінде күніне 100-ге тарта адамға екпе жасалады.
Екпе алмас бұрын келуші дәрігердің толық тексеруінен өтеді. Егер дәрігер келушіден қандай да бір жұқпалы инфекциялық ауру анықтаса, не болмаса келушінің дене қызуы көтеріліп, ол жөтеліп тұрса, дәрігер оны толық тексеруге жібереді. Тек содан кейін ғана науқас сауыққан соң емханаға қайтадан келіп, егпе вакцинасын қабылдай алады.
«Тұмау вирусы өте өзгергіш болып келеді. Сондықтан тұмауға қарсы вакциналардың барлығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен жыл сайын айналымда жүрген тұмау штамдарына қарсы белсендірілген. ҚР осы күнде гриппке 4 вакцина бар. Ресейде өндірілген Гриппо плюс вакцинасы, Нидерланд елінде шығарған Инфевак вакцинасы, Францияда шығарылған Вакси грипп және Қытайда өндірілген тұмауға қарсы вакцина», - деді Алматы қаласы Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті жұқпалы және паразиттік ауруларды қадағалау бөлімінің басшысы Алмаш Ахметова.
Қазақстанда жыл сайын жіті респираторлық аурулар мен тұмаудың 600-ден астам жағдайлары тіркеледі. Демек, эпидмаусымда жіті респираторлық инфекция дертімен және тұмаумен халықтың 3,5 пайызынан 10 пайызына дейіні ауырады.
Сая Меңдеке, Мұрат Тайжанов
Фото:kormed.ru