Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс: тарихи маңызы, тағылымы мен зерттеудің перспективалары» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Бұл туралы zakon.kz, аталған оқу орнының ресми өкілі Жандар Асан берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 100 жыл толуына және Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, еліміздегі ғылыми мекемелердің басшылары, танымал тарихшылар мен белгілі ғалым-зерттеушілер қатысты.
– Қазақ халқы өз тарихында көптеген азаттық көтерілістерді бастан кешіріп, елдігін, ерлігін таныта білген. Бүгінгі 100 жылдығын атап отырған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі ел тарихындағы қазаққа тән асқақ рухты паш еткен, ұлттық санын қалыптастырған, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсеткен тағылымды оқиға. Тарихымыздың тереңіне бойласақ, тәуелсіздікке жету жолында қазақ халқының бірнеше жүздеген көтерілістерге шыққаны белгілі. Ал соның барлығы толығымен зерттеліп, әділетті тарихи бағасын алды деп айта алмаймыз. Міне бүгінгі конференциямыздың міндеті де осы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ашылмай, ақиқаты айтылмай келе жатқан тұстарын баяндау мен талқыға салу, – деді ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова кіріспе сөзінде.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың шараға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқыды.
– Құрметті конференцияға қатысушылар, тарихы терең Тараз өңіріне қош келдіңіздер! Баршаңызға белгілі, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс отаршылдық езгіге қарсы бағытталды. Сол себептен де, бүкіл Қазақстан аумағын қамтып, ұлттық мемлекетті сақтау үшін талпынған ең ірі көтеріліс ретінде төл тарихымызда сақталды. Ұлт-азаттық көтерілісінің барысын зерттеуде бірнеше буын ауысып, тарихнамалық және деректанушылық дәстүрлері қалыптасты. Алайда, ғылым дамуының міндеттері 1916 жылғы көтерілістің әлі де мұрағат қорларында айналымға енбеген деректерін көпшілік назарына ұсыну жолында зерттеуді жалғастыру қажеттілігін қойып отыр. Осы орайда, бүгінгі жиынның мәні мен маңызы қаншалықты зор екендігі айтпаса да түсінікті. Конференция қатысушыларына жемісті жұмыс тілеймін, – деп оқып берді құттықтау мәтінін Е. Манжуов.
Жиын барысында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Академик Т. Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор Мәмбет Қойгелдиев «1916 жыл. Ұлттық бірегейлікті сақтау үшін күрес», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, профессор Талас Омарбеков «1916 жыл: ұлт зиялыларының көзқарасы», Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяған «1916 жылғы көтеріліс – Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың құрамдас бөлігі» және Жамбыл облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген «1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихы туралы өлең-жырлар» тақырыптарында баяндамалар жасады.
Конференция жұмысы төрт секция бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, «1916 жылғы көтерілістің әдістемесі мен теориясы», «1916 жылғы көтерілістің тарихи тағылымдары», «1916 жылғы көтеріліс халық ауыз әдебиетінде» және «1916 жылғы көтеріліс аймақтық тарихта».
Конференция аясында есімі елге белгілі бірқатар азаматтар Қазақстан тарихшылар қауымдастығының ұсынысымен жасалған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толу құрметіне арналған естелік медальмен марапатталды.
Іс-шара барысында кітап көрмесі ұйымдастырылып, келіп түскен материалдар негізінде арнайы жинақ шығарылатын болады.