Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазығұрт ауданында газдандыру жұмыстары қарқын алуда. Соның бір айғағы ретінде таяуда 4,5 мыңға жуық халқы бар Шарбұлақ ауылдық округі тұрғындарының шаңырақтарын көгілдір отынға жалғаудың салтанатты жиыны өтті. Нақтырақ айтқанда, табиғи отын әзірге, аталған елді мекеннің бір көшесіне берілді. Бұл туралы zakon.kz, ОҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме беріп хабарлайды.
Жиналған тұрғындардың қуанышына ортақтасып, құттықтаған аудан әкімі Төлеген Телғараев: «Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойын лайықты табыстармен қарсы алу жолында көптеген игілікті шаралар өткізілуде. Сондай шараның бірі - Шарбұлақ ауылына табиғи газ жүйесінің қосылуы дер едім. Әрине, елді мекендерге табиғи газ жүйесінің қосылуы үлкен қуаныш. Әсіресе, күнделікті ағаш жарып, тезек теріп, күл шығарып жүрген аналарымыздың жұмысын жеңілдетеді», - деді.
Ал, Шарбұлақ ауыл округінің төбе биі Амантай Құтымбет ақсақал тұрғындарға газдың берілуін Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына жасалған тарту ретінде дәріптеп, бұл үшін аудан, облыс басшылықтарына ауыл халқының атынан ризашылығын жеткізді.
Жалпы бұл күні, көгілдір отын аудандағы 16 елді мекенге берілді. Шарбұлақтан бөлек, Ащыбұлақ, Жаңабазар, Жылыбұлақ, Жаңажол, Жаңаталап, Қарабастау, Тілектес, Үлгілі, Қарабау, Сынтас, Жұмысшы, Үшбұлақ, Махамбет Өтемісұлы ауылы, Үшбұлақ және Жіңішке елді мекендерінің тұрғындары да табиғи газ тұтынып, өркениеттің игілігіне қол жеткізуде.
Айта кету керек, мұнан бөлек, жыл соңына дейін Қазығұрттағы тағы 16 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Таратып айтсақ, аудандағы Жігерген ауыл округінен төрт елді мекен, С.Рақымов ауыл округіндегі үш елді мекен, Алтынтөбе және Тұрбат ауыл әкімдіктеріне қарасты төрт-төрттен – сегіз ауылды көгілдір отынға қосу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін аталған елді мекендер газға қосылғанда, аудандағы көгілдір отынмен қамту жұмыстарының көрсеткіші 65 пайызға жететін болады.
Бұған дейін Шарапхана (екі ауыл), Жаңабазар (сегіз ауыл), Қарабау (төрт елді мекен) және Қазығұрт (бір елді мекен) ауыл округтеріне газ берілген болатын.
Қазығұрт ауданында 2012 жылға дейін 64 елді мекеннің 10-ы табиғи газбен қамтылса, 2012-2014 жылдар аралығында аудан бойынша 32 елді мекенді газбен қамтудың құрылыс жұмыстары жүргізіліп, олар толық аяқталған.
Фото: ontustik.gov.kz