Ақтөбе облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, жұмыссыздар саны 20 800-ден асты. Ал жұмыспен қамту орталықтарына 1893 адамды келіп, өтініш беріп, жұмыссыз ретінде тіркелген. Сонымен қатар, өңірде 594 адам өз жұмыс орындарынан қысқарып қалды. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Бейсенғалиева баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды BNews.kz.
«Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 594 адам жұмыстан қыстартылды. Көбі – мұнай компаниялары. Олар: «Ұлы Қабырға» ЖШС, «Шығыс мұнай» серіктестіктері. Бәрі бақылауға алынды. Апта сайын мониторинг жүргізіліп, 228 адам жұмысқа қайта орталасты. Негізінен жұмыстан қысқартылған азаматтардың 80-і ұсынылған жұмыстан бас тартып отыр. Жұмыссыздар 50-60 мың теңге жалақы беретін өндіріс орнына, қоғамдық, әлеуметтік жұмысқа барғысы келмейді. Ал 171, адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, табыс көзінен айырылғандарға жәрдемақы тағайындалды», – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Бейсенғалиева.
Оның айтуынша, әлі күнге дейін 4,5 мың жұмыссыз жас бар. Олар алдымен жастар тәжірибесіне жіберіліп, кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес ұсынған уақытша, тұрақты жұмыс ұсынылады.
Айта кетейік, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы кешенді жоспарға сәйкес 22 мыңнан астам адамды еңбекке араластырды. Соның ішінде, жазасын өтеп шыққан 131 адамның 117-сі тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырылды.
Фото: Drive2.ru