Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында медиацияны дамытуды ҚХА қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде белгілеп берді. Бұл туралы zakon.kz ОҚО әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Соған сәйкес ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы облысымыздың аудан, қалаларында арнайы семинарлар ұйымдастырып келеді. Бүгін Мақтарал ауданында өткен семинарға ОҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ сарапшысы Хасан Бациев, облыстық және аудандық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, аудандық соттың судьялары, ауыл әкімдіктерінің заңгерлері мен кәсіби емес медиаторлары қатысты.
Жиында «Медиация туралы» Заңның талаптары кеңінен түсіндіріліп, оны дамытудың жолдары ортаға салынды.
Айта кету керек, «Қоғамдық келісім» КММ-да техникалық құралдармен, әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз етілген медиация кабинеті ашылып, жұмыс істеуде. Жыл басынан 326 адамға кеңес беріліп, қабылдауға келген 19 азаматқа кәсіби медиаторлар құқықтық жәрдем көрсетті. Медиаторлар туралы дерекқор түзіліп, 4 медиация орталығымен байланыс орнатылды. Кәсіби емес медиаторлардың біліктілігін арттыру үшін 10 аудан, қалада семинарлар ұйымдастырылды.
Облыстық сотпен, әділет департаментімен, нотариаттық палатамен және адвокаттар алқасымен өзара іс-қимыл жөніндегі меморандум түзілді.
Фото: ontustik.gov.kz