ТМД елдерiнiң «Үмiт» кино форумына 6 қазақстандық фильм ұсынылып отыр. Халықаралық фестиваль Бiшкек қаласында 28-30 қазан аралығында өтедi, деп хабарлайды Baq.kz.
«Жас режиссерлер фестивалi 2013 жылдан бастап ұлттық деңгейде өткiзiлiп келдi. Биылдан бастап байқауға халықаралық деңгей берiлiп отыр», - дейді «Қырғызфильм» ұлттық киностудиясының директоры, «Үмiт» фестивалi дирекциясы жетекшiсiнiң орынбасары Гүлмира Керiмова.
Халықаралық байқау жеңiмпаздары «Үздiк деректi фильм», «Үздiк қысқа метражды ойын фильмi» аталымдары бойынша анықталады. Жалпы, фестивальге ТМД-ның 12 елiнен 52 фильм ұсынылып отыр. Оның iшiнде Қазақстанның 6 жас режиссерi бақ сынамақ. Ойын киносы секциясына Шерхан Қуаналы «Фотограф» қысқа метражды жұмысымен қатысады. Деректi фильм секциясына Қымбат Тойшының «Ауыл тынысы», Аян Бөгебаевтiң «Заика», Константин Суровтың «Ведать», Серiк Сәрсенбаевтың «О, счастливчик» және Аруан Анарбаевтың «Продавец ностальгии» туындылары ұсынылған.
«Байқауға келiп түскен жұмыстарды 24 адамнан тұратын қазылар алқасы бағалайды. Олардың қатарында Қазақстаннан белгiлi кинотанушылар Гүлнәр Әбiкеева, Нарғыз Мұқашева бар. Қазақстандық кино қарқынды дамып келе жатыр. Осы байқауда жүлделi орындар алады деген үмiттемiз», - дедi Г.Керiмова.
Бұдан бөлек, «Үмiт» фестивалi қазақстандық режиссер Серiк Әбдiшевтiң «№ 6 iсiнiң куәгерi» фильмiмен жабылады.
Айта кетейiк, ТМД елдерiнiң «Үмiт» кино форумы осы күндерi Қырғыз елiнiң астанасы Бiшкек қаласында өтiп жатқан ТМД мемлекеттерiнiң шығармашылық және ғылыми интеллигенциясының XI форумы барысында ашылды.
Авторы: Айымгүл Әбілева
Фото: baq.kz